Шомылу маусымы басталғалы төтенше жағдайлар қызметінің мамандары қауіпсіздік шараларын күшейтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шомылу маусымы басталғалы төтенше жағдайлар қызметінің мамандары қауіпсіздік шараларын күшейтті

15.07.2019

Бұл республика бойынша жағдай болса, Түркістан облысында жыл басынан бері 19 жеткіншек суға кетіп, қаза болған. Осындай қайғылы жағдайлардың көбеюіне байланысты Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары қазіргі уақытта жер-жерлерде бақылау шараларын күшейтті.

 

Құтқарушылар  осылай қасыңнан күнде табылмайды. Сондықтан су жағалаған ағайын балаларын көзден таса қылмауы тиіс. Үлкендердің бейғамдығының кесірінен кеше ғана Келесте кішкентай сәби келмеске кетті.

 

Дәрмен Әжмұқанов, Облыстық ТЖБ қоғаммен байланыс бөлімінің бас маманы:

 

13 шілде сағат 20:30-да Келес ауданы Қызыләскер ауылында ата-ана қарауынсыз қалып, арық суына құлап, абайсызда 2016 жылы туылған кішкентай қыз қайтыс болды.

 

Шомылу маусымы Түркістан өңірінде ерте басталады, әрі ұзаққа созылады. Мамырдың ортасынан қазанның соңына дейін. Сондықтан шыжыған ыстықта шомылуды сүйетіндерді сақтыққа шақыру өте маңызды.

 

Сұлтанғали Смайылов, Облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

 

Құрметті Түркістан облысының тұрғындары, құрметті ата-аналар! Қазіргі жазғы кезде қатаң бақылау алу керек. Келген қонақтарға таныс емес жерлер, сондай-ақ, мас күйінде суға түсуге болмайды. Арнайы белгіленген жерге суға түсу қажет.

 

Кентау қаласы іргесіндегі «Қошқорған» су қоймасында насихат жұмыстарын жүргізген төтеншеліктер тұрғындарға арнайы жадынамалар, ескерту парақтарын таратты. Жедел-құтқару жасағы суға кеткен адамды құтқарудың амалын, алғашқы медициналық көмектің әдіс-тәсілдерін көрсетті. Өңірде жыл басынан бері 29 адамның ажалы судан келді. Оның 19-ы бала.

 

Гүлжазира Ғалиқызы, тілші:

 

Шілденің шіліңгір ыстығында аузын бақадай ашқан жұрт – кез-келген суға қойып кетуге бар. Өзен болсын, көл болсын, теңіз болсын, тоған болсын оның түбі тұңғиық. Не болары белгісіз. Жан қысылғанда жармасар «тәуекелдің жел қайығы» да қасыңнан табылмауы мүмкін. Сондықтан тек белгіленген жерде шомылған абзал. 

 

Гүлжазира ҒАЛИҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу