Биыл елімізде суға батқан адамдардың саны көбейген. Өткен демалыс күндерінің өзінде 22 адам қайтыс болған. Жалпы республика бойынша күн ысығалы 154 адам суға кетіпті. Олардың 58-і бала. Қайғылы жағдайға негізінен екі жағдай себеп болып жатады. Біріншіден, сақтық шараларына мән бермейді. Екінші себеп, ішімдік ішіп алып, мас күйінде суға түсетіндер. Төтенше жағдайлар комитеті еліміз аумағында түрлі ескерту жұмыстарын жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Осы ретте, тұрғындар арасында таратылып жатқан жадынамаларға ерекше назар аударып, суға түсу кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырды.
Владимир Беккер, ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы:
Біздің инспекторлар құрамы және құтқарушылар халық арасында 200 мыңнан астам жаднама таратты. Түсіндіру жұмыстарына Жас отандықтар да айрықша атсалысуда. 200 мың ерікті жас тартылып, 500 акция өткізілді. Барлық жағажай тексеруден өтті, жергілікті тұрғындарға сақтану тәсілдері түсіндірілді.
Ербол МӘНДІБЕК