Еліміздің ең үздік учаскелік инспекторлары анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздің ең үздік учаскелік инспекторлары анықталды

12.07.2019

Оларды халық таңдады. Әлеуметтік желілер арқылы 195 мың тұрғын дауыс беру арқылы қоғамның тәртібін күзеткен тәртіп сақшыларын іріктеген. Бүгін Елордада Ішкі істер министрі оларды елдің әр өңірінен арнайы шақыртып, ұлықтады.

Ербол Юсупов - республикалық маңызы бар қалалардағы ең үздік учаскелік инспектор. Бүгін оған осындай мәртебе берілді. 13 жыл тұрғындардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғап келеді. Қылмыскерлерді ұстау барысында бірнеше мәрте өзіне де қауіп төнген. Еңбегі еленіп, кеудесіне «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалін тақты. 3 лауазымдық еңбекақы көлемінде қаржылай сыйақы алды.

Ербол Юсупов, Шымкент қаласының Полиция департаментінің полиция инспекторы:

Учаскелік инспектор болған соң халықпен тығыз байланыста болған соң әрқашан назарда боламыз. Таңның атысынан күннің батысына дейін көмек тигізу. Емін-еркін жүру бала-шағасымен, түнде тыныш ұйықтауын қамтамасыз етеміз.

Ал Жасұлан 3 жасар сәбиді өлім аузынан алып қалған азамат. Баланы биік ғимараттан құлаудан қорғап қалған.

Жасұлан Сарбалаев Қызылорда облыстық Полиция департаменті инспекторы:

Бұл марапаттау алдағы уақытта екпін береді. Жұмыста ынталандыру. Өзіміздің берілген міндетке аса жауапкершілікпен қарау, мемлекеттің мүддесін, өзіміздің мүддесін жоғары қою. Аймақтағы тұрғындармен тығыз жұмыс жасауға ынталандыру береді.

Бүгін 17 инспектор марапатқа ілікті. Тап осындай учаскелік полиция қызметкерлерінің арқасында жыл сайын 40 мыңға жуық қылмыс ашылады. Дегенмен, қызығы мен қатері қатар жүретін қызметте маман тапшылығы әлі бар.

Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрі:

Бізде расымен кадр жетіспеушілігі бар. 5-7 пайызға дейін. Оның үстіне, біз қазір полицейлерге талапты күшейтіп жатырмыз. Өз ісін жетік білуден бөлек, ІТ технологияны да жақсы меңгерген мамандарға сұраныс артты. Сол үшін біз жұмысқа қабылдарда барлық жағын қарастырамыз.

Биыл олардың еңбекақылары өсті. 25 пайызға дейін. Баспана бойынша өтемақы да осы айдан бастап төлене бастайды.

Әсима НҰРБАЙҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу