Алматы облысының Талғар ауданында аграрлық сала қарқынды дамып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысының Талғар ауданында аграрлық сала қарқынды дамып келеді

11.07.2019

Мемлекет басшысы ұсынған 10 бағытқа аймақтарда баса мән беріліп жатыр. Себебі облыстардағы кәсіпкерлік пен жұмыс орындарының ашылуы, көпбалалы аналардың әлеуеті - басты назарда. Демалысқа шыққан депутаттар да 10 бағытты басшылыққа алып, ел-жұртпен кездесуге кірісті. Бірсыпыра мәжілісмен өңірлердегі кәсіпкерлердің ілкімді істерін көріп, бағбандардың бау-бақшасын аралап, тыным таппайтын еңбеккерлердің тыныс-тіршілігімен танысып жүр. Тілші Алмат Әбдіраманның материалы.

Талғар ауданындағы сүт кешенінде жергілікті 40 адам жұмыс істейді қазір. Бұл жерден шелегін көтерген сауыншыны көрмейсіз. Себебі ферма толыққанды автоматтандырылған жүйеге көшкен. Мұнда небәрі екі сауыншы мен бір оператор таудай тірлікті тындырып жүр. Қалғандары Зеңгі баба түлігінің жем-шөбін әзірлейді, іргесінде тұрған Алматыға көлікпен сүт тасиды.

Дарина Сұлтанбай, сүт кешенінің өндіріс меңгерушісі:

Күніне 25 тонна сүт, ал бір сиырдан 25 литр сауып отырмыз. Майлылығы - 3,8 пайыз, ақуыз - 3,6, самантикалық клеткасы - 110. Яғни, бұл стандартқа сай, таза сүт.

Талғар ауданы - ауыл шаруашылығына қолайлы өңір. Сондықтан дала диқандары егін егіп, бағбандар бау-бақша өсірумен айналысады. Олардың саны сәт сайын еселеніп келеді. Қазір 50-ге жуық жылыжай тұрақты жұмыс істейді. Шаруалар өнімдерін алыс-жақын аймақтарға жіберіп, тірлігін тіктеп отыр.

Серік Үмбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Ауылды көтермей, еш уақытта біздің мемлекеттің жағдайы болмайды. Осы қай сала болмасын, «нан болмаса, ән болмайды» деген қазақтың сөзі бар. Сол үшін ауылдың жағдайын жасау керек.

Кейінгі кездері аталған ауданның ырысы артып отыр. Себебі өзге өңірлердегідей мемлекет тарапынан ұдайы көмек көрсетіледі. Субсидияландыру, егістік жерлерді тыңайту, алқаптарды кеңейту істері ілгеріледі. «Осылайша аграрлық салаға жан бітіп, тамырына қан жүгірді», - дейді жергілікті жұрт.

Алмат ӘБДІРАМАН

Хабарламаларға жазылу