Ішкі істер министрлігі скутерлердің жол ережесін сақтауы туралы мәлімдеме жасады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ішкі істер министрлігі скутерлердің жол ережесін сақтауы туралы мәлімдеме жасады

10.07.2019

Қазір Алматыда самокат айдаушылар көбейді. Себебі ірі мегаполистегі көлік кептелісінен көз ашпайтындар транспорттың осы түріне көшкен. Алайда электросамокаты барлардың көбісі көп жағдайда жол жүру ережесін білмейді. Сондықтан кейінгі кездері заң бұзушылық фактілері азаймай тұр. Жалпы, самокат, мопед, велосипедпен жүретіндер үшін жол жүрудің ережесі қандай? Олар заң бұзса, қандай шара қолданылады?

Кеше самокат айдаған мына жолаушы арнайы жолақпен келе жатқан автобус жүргізушісіне кедергі жасап, оған қол көтерген. Әлеуметтік желілерде тараған видеодан самокаттың иесі жүргізушімен сөзге келгендігін көруге болады. Самокат мінген азамат автобус жүргізушісінен қашамын дегенде көлік қағып кетеді. Абырой болғанда, ол аман қалды. Енді оның үстінен қылмыстық іс қозғалды.

Тұрсыналы Мусаев, автобус жүргізушісі:

Басымның бәрі айналып жатыр ауырып, кеше онша емес еді. Тісім бәрі ауырып быт-шыт болып жатыр. Мынау ернімді жыртып жіберген. 7-8 жерден тігіс салды, түймедақ қойды.

Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ІІД ресми өкілі:

Бұл оқиғаға қатысты Алмалы аудандық полицейлері қылмыстық кодекстің 293-бабына сәйкес сот алды тергеу амалдарына кірісіп кетті. Күні кеше ғана орын алған оқиғаға қатысушылардың іс-әрекетіне міндетті түрде заң тұрғысында, құқықтық тұрғыда баға берілетін болады.

Жалпы, мопед, велосипед, самокат айдаушылардың міндеттері мен жауапкершіліктері Заңда тайға таңба басқандай жазылған. Себебі электросамокаттар техникалық сипатта мопедке теңеледі. Сондықтан «Оны жүргізуге 16 жастан асқандарға ғана рұқсат беріледі», - дейді мамандар.

Ақтоты Боранова, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ресми өкілі:

Бұл көлік құралдары болғандықтан, жүргізушілер басқарады. Сәйкесінше, жүргізушілер жол жүру қағидаларын білуі керек және де қатаң сақтаулары тиіс. Электросамокаттардың қозғалысына қойылатын талаптар жол жүрісі қағидаларының 24-бөлімінде белгіленген.

Нұрхан Нұрланұлы, тілші:

Электросамокатшыларға жаяу жүргіншілердің жолына түсуіне болмайды. Себебі бұған заң тұрғысынан тыйым салынған. Ал велосипедшілерге арналған жолақпен жүруіне болады. Егер ол болмаса жолдың жиегіне шығып, тек оң жағымен жүруіне рұқсат бар.

Қала тұрғыны Айбек Атибеков 1 жылдан бері жұмысына самокатпен қатынайды. Кейде күніне 25-30 шақырымға дейін жүреді. Әсіресе, «Кептеліс кезінде өте тиімді», - дейді ол.

Айбек Атибеков, қала тұрғыны:

Көбісі негізі жолдың ережесін сақтамайды. Өйткені олар кішкентай балаларға дейін беріп қояды. Мұның жүру несі қатты болғандықтан, 25 километрмен жүргендіктен көбісі тоқтап үлгермей қалады.

Мамандардың сөзінше, жаяу жүргіншілер мен самокат, велосипед, скутер және мопед жүргізушілері заңды бұзса, 2 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Егер одан зардап шеккендер болса, айыппұл көлемі 5 есе өседі.

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу