Арыстағы 149 баспана қайта салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Арыстағы 149 баспана қайта салынады

10.07.2019

Арыс қаласының орталығы және оның шетіндегі 20 шақырым радиустағы аумақта әскерилер тексеру, тазалау жұмыстарын жалғастыруда. Мамандар арнайы тік ұшақпен әуеден бақылау жүргізіп жатыр. 42 топтан құралған саперлар күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Тұрғындардың шақыртуларына да жедел жететін кезекшілер ұйымдастырылған. Ал апат салдарынан ауруханаға түскен 65 науқас бүгінгі таңда толықтай жазылып, үйлеріне оралған. Тек үш азамат қана облыстық Клиникалық ауруханада әлі ем алып жатыр. «Барлығының жағдайлары жақсарып келеді»,- деді аурухана бас дәрігері. Ал жарылыстан соң, тұрғын үйлердің жағдайын жіті қарап, бағалау нәтижесінде Арыс қаласындағы 149 баспана адамдардың тұруына мүлдем жарамсыз екені анықталды. Енді олардың бәрі бұзылып, орнына жаңасы салынады. Қабырғасы қақыраған үйлердің алтауы - көп қабатты. Төтенше жағдайға дейін онда 60 отбасы өмір сүріп келген. Қазір Арыс қаласындағы үйлерді қайта салу, жөндеу жұмысымен 5 мыңға тарта құрылысшы айналысып жатыр. 191 құрылыс компаниясы тартылған.

Қайырбек Өскенбаев, Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице- министрі:

Оның ішінде 2 мың 566 жеке меншік үйде жұмыс басталып кетті. 89 көп қабатты үйді жөндеу керекпіз. Бүгінгі күні 76 көп қабатты үйде жөндеу жүріп жатыр. Қалған 19 үйде енді 1-2 күнде басталады. Көп секторларда жұмыс пайызы жоғары. Бір айда толық бітеді.

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

 

Хабарламаларға жазылу