Шет ауданының азаматтары туған ауылдарына өткел салып берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шет ауданының азаматтары туған ауылдарына өткел салып берді

09.07.2019

Қарағанды облысының Шет ауданына қарасты Өспен ауылының  азаматтары  Жастар жылына орай ауылға өткел салып берді. Жыл сайын көктемде елді мекен ортасымен өзен суы арнасынан тасығанда екі жақтағы жұрт қатынаса алмай қалатын. Енді бұл түйткіл ауыл азаматтарының арқасында түбегейлі шешілді. Бұған қоса елді мекенде Жастар саябағы да ашылды.

 

Жылдар бойы өткел азабын тартқан өспендіктердің көптен күткен арманы орындалды. Жергілікті Сәкен Сейфуллин атындағы мектепті 20 жыл бұрын бітірген түлектер 1 миллион 200 мың теңге қаражат жинап, мына көпірді салып берген. «Көктемде бұл өзеннің тасқыны күшті. Тозығы жеткен көпірмен өту өте қауіпті болатын»,-дейді тұрғындар.

 

Аныкей Сағидолла, ауыл тұрғыны:

 

Бір кездері мына жерден еңбектеп өтуге тура келетін. Саз батпақ болатын. Қазір өткел салынып, көзіміз ашылды. 20 жыл болған балаларым, міне мектеп бітірген өздері қаражат жинап, темірді қиюластырып осылай салып берді. Ғұмырлары ұзақ, дендері сау болсын!

 

Әнуар Үдешов, ауыл тұрғыны:

 

Жастар жылы аясында ауылға көпір салып беріп, ағайын-туысты, ауылды керемет қуанышқа бөлеп жатқан жайымыз бар. Өткел салу, ол ең біріншіден, сауапты іс. Қазақстандық жастарды осындай игілікті іс атқаруға, ауылды түлетуге шақырамын.

 

Бұдан бөлек Жастар жылы аясында өспендік азаматтар ауылда Жастар саябағын салған. Оның құрылысына 4 миллион теңге қаржы жұмсалған.

 

Жарас Аманжолов, Өспен ауылдық округінің әкімі:

 

Мұны сыртта жүрген, ауылдағы азаматтар бірігіп ашып жатыр. Қазіргі мына саябақтың көлемі 120 шаршы метр. Келешекте оны 1000 шаршы метрге жеткізу ойда бар. Азаматтар жыл сайын осылай ауылды ұмытпай, қолғабыс жасайды.

 

Өспенге 4 елді мекен қарайды. Ауылда 2 мыңға жуық тұрғын бар. «Туған жерді түлетуге бағытталған жұмыстар әлі де жалғасады»,-дейді жастар. Бұл күні бірлігі жарасқан ауыл тұрғындарының ұйымдастыруымен спорттық жарыстар да өтті.

 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу