Павлодардағы балық өсірумен айналысатын жалғыз шаруашылық жабылуы мүмкін. Ребровка тәлімбағы кезінде облыстың 50 пайызын балық өнімдерімен қамтамасыз еткен. Ал қазіргі таңда мемлекеттік тапсырыс бойынша еліміздің аймақтарына балық тұқымын дайындайды. Алайда, іргелі кәсіпорын жалға алған жерінен айрылып қалуы ықтимал. Жергілікті кәсіпкердің айтуынша, бұған әкімшілік кедергілер себеп болып отыр.
Бұл – кезінде балықты өсіру, аулау және өңдеу арқылы республикаға танымал болған Ребровка шаруашылығы. Ертіс өзенінің жағасындағы 800 гектар аумақты алып жатыр. Маргарита Дмитриева 3 миллионнан аса тұқы балығының уылдырығын күтіп-баптайды. Осы кәсіпорында жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан білікті маман бірер айда жұмыссыз қалуы мүмкін.
Маргарита Дмитриева, балық өсіруші:
Бұл деген сұмдық қой. Облыстағы балық өсіретін жалғыз шаруашылықты жабу кімге тиімді? Бұндай кәсіпорындарды бүкіл Қазақстан бойынша саусақпен санауға болады. Ең қиыны, Баянауыл ұлттық паркі аумағындағы көлдерге балық жіберу міндеті бар бізде. Көктемде тендерді жеңіп алғанбыз. Бірақ ешкім оны ескеретін емес.
Оңтайландыру кезінде оңбай қалған кәсіпорынды Александр Веретенников 11 жыл бұрын жалға алды. Айтуынша, ол шаруашылыққа 240 миллион теңге қаржы салған. Жарық тартып, тоғандарға су жеткізетін сорғыларды іске қосты. Шортан, шабақтан бастап аққайран, бақтақ, тұқы балығын өсірді. Ал Ақсу қаласының жер қатынастары бөлімі жақында кәсіпкерге «Бұл аумақты мақсатсыз пайдаланып отырсың» - деген қағаз жіберген.
Александр Веретенников, шаруашылық басшысы:
Осындай ресми құжат алғаннан кейін мен кәсібімді белгілі талаптарға сәйкестендіруім керек қой. Бірақ олар қандай талаптарды ескермегендігімді жазбаған. Содан мен жер қатынастары бөліміне жазбаша сұрау салдым, жауап болмады. Ақсу қаласының әкіміне хат жолдадым, «түсіндірінізші» деп. Жауап тағы жоқ. Заң бұзушылық орын алған жағдайда маған 1 ай уақыт берілуі тиіс қой. Олқылықтарды жоюға. Ал олар комиссия жіберді. Мониторинг жасаймыз деп.
Өткен жылы кәсіпкер балық тәлім бағын жалға алу мерзімін тағы бес жылға ұзартқан. Бірақ Ақсу қаласының жер қатынастары бөлімі қарсы болғандықтан құжаттарды сот арқылы заңдастырыпты. Содан бері тексеру жиілеген. Өкілетті орган өкілі бұны былайша түсіндірді
Мақсат Қазғожаев, «Ақсу қаласының жер қатынастары бөлімі" мемлекеттік мекемесі басшысы:
Мал ұстайды. Су қорғау аумағына шаруашылық базаларын салған. Ауыл шаруашылығы және басқа техниканы әкеліп қойған. Жанар-жағармайды да сол жерде сақтайды. Бұл заң бұзушылық болып табылады.
«Енді арнайы комиссия құрып шаруашылықты тағы тексереміз»- дейді әкімдік қызметкерлері. Ал кәсіпкер маған қысым жасалып жатыр деп, құқық қорғау органдарынан араша сұрап отыр. Тараптардың тартысы тек сотта шешілетін сыңайлы.
Болат АМАНБАЕВ