Елорда күнінде Шет ауданында жас кәсіпкерлерге гранттар, көпбалалы аналарға баспана берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елорда күнінде Шет ауданында жас кәсіпкерлерге гранттар, көпбалалы аналарға баспана берілді

06.07.2019

Қарағанды облысының Шет ауданында Елорда күнінен орай көпбалалы аналар баспаналы болды. Оларға жергілікті кәсіпкер азаматтар қолұшын созды. Бұған қоса мерекелік шара аясында жас кәсіпкерлерге аудан әкімінің гранттары табысталды. Ал жұртшылық өнер ұжымдары дайындаған концертті тамашалады.

 Шет ауданында баспана кезегінде тұрған 41 көпбалалы ана бар.  Елорда күнінде үлкен қуанышқа бөленген жандардың  бірі 6 баланы дүниеге әкелген Айгүл Ахметова. Жолдасы екеуі осы күнге дейін өзгенің апатты жағдайдағы ескі үйін жалдап тұрыпты. Енді міне жергілікті атымтай жомарт азаматтардың бірі 7 миллион теңгеге 4 бөлмелі баспана сатып әперді. Бұған қоса Айгүл әр балаға 21 мың теңгеден тағайындалған атаулы әлеуметтік көмекке ілігіп отыр.

Айгүл Ахметова, көпбалалы ана:

-6 балам бар. Үй жалдап тұрғанбыз. Көмек ретінде үй берді. Бала-шағамыз мәре-сәре болып мәз болды. Өзіміз де қуаныштымыз. Үлкен көмек.

Бұл күні 15 жас кәсіпкерге аудан әкімінің жалпы соммасы 5 миллион теңге гранты табысталды. Оларға құс шаруашылығы, наубайхана, шаштараз, дөңгелек жөндеу бекеті сынды бизнес түрлерін дамыту үшін 300-ден 500 теңгеге дейінгі көмек қаражаты берілді.

Осындай грантқа ие болған жас кәсіпкерлердің бірі Қызылқой ауылының тұрғыны Сая Олжатай.  Ол өткен жылы облыс әкімінің де грантын жеңіп алған еді. Содан бері шағын наубайхана жұмысын сәтті жүргізіп, екі адамды жұмыспен қамтыды. Ендігі қаражатты да осы бизнесін түлетуге жұмсамақ.

Сая Олжатай, жас кәсіпкер:

-Ол 300 мың теңгеге мен торт пісіретін миксер аламын. Ары қарай наннан басқа торт пісіретін боламын. Ендігі жоспар кішігірім асхана ашу.

Мерекеге орай аудан тұрғындары орталық саябақта өткен концерттік шараны балабақшалар мен мектепте ұйымдастырылған көрмені тамашалады. Алтын белгіге бітірген 11 түлекке ұялы телефон сыйға тартылды.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

 

Хабарламаларға жазылу