Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада бірқатар шетелдік инвесторлармен кездесті. «Тоталь барлау және өндіру» компаниясының президенті Арно Брейякпен кездесуінде Президент аталған компаниямен тығыз әріптестік орнатқанын айтты. Компания басшысы Қашаған кен орнын игеру консорциумы аясындағы ынтымақтастықтың жалғаса беретініне сенім білдіріп, жобаның әлеуетін арттыруға үлес қосуға дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ Президент «Марубени» сауда компаниясының вице-төрағасы Шигеру Ямазоэні де қабылдады. Қазақстан нарығында 30 жылға жуық жұмыс істеп келе жатқан сауда компания екі ел арасындағы алыс-берісті дамытуға көп үлес қосты. Компания өкілі Қазақстан мен Жапония арасындағы әріптестіктің негізін салған Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін ерекше атап өтті. Ақордадағы қабылдаулардың ішінде «Anadolu Group» компаниясының президенті Тунджай Озильхан да болды. Мемлекет басшысы компанияның ел экономикасына қосқан үлесін жоғары бағалады. Тараптар «қарапайым заттар» экономикасын дамыту мен отандық тауарлардың экспорттық әлеуетін арттыру және елдегі инвестициялық климатын жақсарту мәселелеріне қатысты пікір алмасты. Мемлекет басшысы сондай-ақ «Baker Hughes», «GE company» президенті -бас атқарушы директоры Лоренцо Симонеллиді де қабылдады. Президент шетелдік инвесторлар кеңесіне қатысқаны үшін Симонелли мырзаға ризашылығын білдірді. Компания басшысы өз жұмысында жаңа салалар ашып жатқанын айтып, әріптестік болашағын талқылады. Ал «Polymetal» кәсіпорнының президенті Игорь Финогеновпен кездесуінде Қасым-Жомарт Тоқаев компанияны «Астана» халықаралық қаржы орталығының биржасына енуімен құттықтады. Полиметал биржаға кірген алғашқы шетелідк компания. Игорь Финогенов Қазақстан нарығында жұмыс істеуге елде барлық инвестициялық мүмкіндік жасалғанын атап өтті.
Дулат АБИБУЛЛАЕВ