Граната жарылғанда сарбаздың өмірін сақтап қалған офицер марапатталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Граната жарылғанда сарбаздың өмірін сақтап қалған офицер марапатталды

03.07.2019

Жас сарбазды жарылғыш заттан құтқарып қалған Шекара қызметінің полковнигі Сергей Смицких I дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген орденді батырдың кеудесіне Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов тақты. Сергей Смицких 19- маусым күні Алматы облысында өткен оқу-жаттығу кезінде қателік жасаған жауынгерді денесімен жауып, дер кезінде өлімнен аман алып қалған еді.

Шекара қызметінің полковнигі Сергей Смицких екі аптадан бері Алматыдағы әскери госпитальде жатыр. Жас сарбазды жарылғыш заттан құтқарам деп өмірін қауіпке тіккен сардар бүгін ғана аяққа тұрды. Сондықтан оны Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы арнайы келіп марапаттап, ерлігі үшін алғыс айтты. Ал «Әскердегі әр сарбаздың қауіпсіздігін қорғау азаматтық борышым»,- дейді ол.

 

Сергей Смицких, ҰҚК Шекара қызметінің полковнигі:

 

Осы уақытқа дейін 2000-нан астам жас сарбазға гранатаны қалай атуды үйреттім. Мұндай оқыс жағдай бірінші рет болып тұр. Бірақ, дәл уақытында қорғанып үлгердік. «Айбын» орденімен марапаттағанына алғысым зор. Дегенмен, мен үшін марапат емес, абыройлы қызмет қымбат. Бастысы, біздің сарбаздар мұндай қателікті енді қайталамаса екен.

 

Жаттығу кезінде жарақат алған жас сарбаз да Сергеймен бір палатада емделіп жатыр. Әскерге келгеніне үш айдан асқан Данияр Өнербай осы уақытқа дейін бірнеше жаттығудан өткендігін айтты. Бірақ, сол күні шығыршығын суырып қойған қолындағы гранатаны аяғының астына байқамай түсіріп алған. Ал оны дер кезінде байқаған Сергей  Смицких көз ілеспес жылдамдықпен жарылғыш затты басқа жаққа лақтырып үлгерген.

 

Данияр Өнербай, жас сарбаз:

 

Ол кісі жүгіріп келді де мені жауып қалды да. Сосын үш секундтан кейін жарылды. Екеуіміз жарақат алдық. Әрине ол кісіге алғысым шексіз. Әйтеуір, бір неден тірі қалдық, Құдайға шүкір!

 

«Гранатаның жарықшақтарынан бірнеше жарақат алған полковник  пен сарбаздың жағдайлары қазір жақсы»,-дейді дәрігерлер. Екеуі де бір аптадан кейін әскери госпитальден шығады. Жас жауынгер аз ғана демалып әскери борышын өтеуге аттанса, Сергей Смицких аяғы толық жазылғаннан кейін қызметіне қайта оралады.

 

Аманкелді СЕЙТХАН

Хабарламаларға жазылу