Жиынға ілбіс мекен ететін 12 елдің өкілі бас қосты. Кездесуде жойылып кету қаупі бар жануардың санына байланысты ғылыми ақпараттар мен статистикалық деректер келтірілді. Ғалымдар осы мәселеге қатысты әлемдік ақпарат орталығын құру жөнін қарастырмақ. Сондай-ақ, отандық жануарлар жанашырлары Нұр-Сұлтан қаласында ілбістің бірыңғай гендік зертханасын құруды ұсынды. Snow Leopard Foundation халықаралық қорының басшысы Ержан Еркінбаевтың сөзінше, Қазақстанда 140-150 ілбіс бар. Ғалымдар мұндай тұжырымға фототұзақтар мен генетикалық зерттеулердің нәтижесінде келген. Неігізінде, ілбістер Алматы, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарын мекен етеді екен. Мамандар қар барысын сақтау бойынша жан-жақты шаралар қабылданып жатқанымен, оны заңсыз аулау әлі де тыйылмай тұрғандығын айтады.
Ержан Еркінбаев, Snow Leopard Foundation халықаралық қорының басшысы:
Бір ғана Алматы облысының өзінде ондаған фототұзақ құрылған. Соңғы рет ілбістің аналығы түсіп, оған төлқұжат рәсімдедік. Елімізде 140-150 қар барысы бар деп отырмыз. Былай қарасаңыз, 150 деген аса бір көп емес. Сондықтан ел аумағындағы қар барысының әрқайсына төлқұжат жасап, ат қойсақ деген ойымыз бар. Ал фототұзақтар мен генетикалық зерттеулер арқылы жүргізілетін мониторинг нәтижелерін халықаралық ақпарат орталығына жинақтауды жоспарлап отырмыз. Әзірге ондай орталық құру идея ғана. Бүгінгі конференция барысында халықаралық ұйымдармен бірге оның нақты тетіктерін қарастырамыз.
Фариза МҰСАҚЫЗЫ