Шығыс Қазақстандағы «Үржар-айым» сауықтыру-демалыс лагері кезекті маусымын бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстандағы «Үржар-айым» сауықтыру-демалыс лагері кезекті маусымын бастады

03.07.2019

Шипалы Алакөл жағасында орналасқан балалар лагерде биыл 1400 ден астам жасөспірім жазғы демалысын тиімді өткізбек. Осыған дейін тек облыс көлеміндегі аудандардан келетін балғындарға қызмет көрсетіп келген лагерь келер жылдан бастап ауқымын кеңейтпек.

Шипалы көл жағасындағы лагерь биыл 8 жыл қатарынан жұмыс істеп тұр. Жыл сайын Шығыс Қазақстан облысының әр ауданынан мұнда мыңдаған бала тегін демалады. Әсіресе көп балалы, аз қамтылған отбасынан шыққан балғындардың жазғы демалыс ұйымдастыруға басымдық берілген.

Әния Нәдірбекова, 8-сынып оқушысы:

Мен бұл лагерге екінші жыл келіп тұрмын. Маған өте қатты ұнайды. Мұнда біз түрлі ойындар ойнаймыз. Және де бос уақытымзыд өте көңілді өткіземіз.

Жібек Әмірхан, 7-сынып оқушысы:

Менің демалысым өте керемет өтуде. Маған бұл «Үржар-айым сауықтыру лагері қатты ұнайды. Менің келгеніме, осы жылмен үш жыл болды.

«Үржар-айым» лагерінде балалар үшін барлық жағдай қарастырылған. Демалыспен қатар, жасөспірімдер шығармашылық қабілеттерін де дамытады. Ең бастысы мұнда балғындардың денсаулықтарын түзетуге басты мән берілген. Лагердің Алакөл жағасында орналасуы соның дәлелі.

Абай Тұрсынов, тәрбиеші:

Алакөл өзінің емдік қасиетімен әйгілі. Бүкіл облыс бойынша, бізге шет мемлекеттерден де адамдар келеді. Мұнда балалар бір жағынан демалып, ойын ойнап әртүрлі бағдарламаларға қатысса, екінінші жағынан денсаулығын жақсартып қайтады.

Лагерге келген әрбір топ үшін демалыс 1 аптаға созылады. Үржар-айым» бір мезетте 180 баланы қабылдауға лайықталған. Қазіргі уақытта тек Шығыс Қазақстандағы оқушыларға қызмет көрсететін сауықтыру орнының алдағы жылдан бастап ауқымы кеңеймек. Көл жағасынан 120 балаға арналған қосымша демалыс орнының құрлысы басталады. Осылайша, теңдесі жоқ сауықтыру лагеріне болашақта оқушылар еліміздің әр түкпірінен келуге мүмкіндік алмақ.

Ержан ЖАҚЫП

 

Хабарламаларға жазылу