Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев ҮЕҰ жетекшілерін жұмыссыз жүрген жастардың мәселесімен айналысуға шақырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев ҮЕҰ жетекшілерін жұмыссыз жүрген жастардың мәселесімен айналысуға шақырды

02.07.2019

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілерін жұмыссыз жүрген жастардың мәселесімен айналысуға шақырды. «Жастар жылына» орай, бөлінген қаржыны тек жиындар мен дөңгелек үстелдерге шашпай, әлеуметтік мәселелерге жұмсауды тапсырды. Сонымен қатар, қала басшысы оларға әр саладағы жастарды тыңдап, тиісті шараларды уақыт оздырмай қабылдауды жүктеді.

Алқалы жиынды Бақытжан Сағынтаев алматылықтарды алаңдатқан мәселелермен бастады. Ең бірінші — экология мен ауа тазалығы. Осы бағытта «Екінші жылу электр станциясын» газға көшіру ісін тереңінен зерттейтіндігін айтты. Сонымен қатар, қала әкімі жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдары мен пәтер иелері кооперативтерінің жұмысын жандандыруға күш жұмсамақшы.

 

Бақытжан Сағынтаев, қала әкімі:

 

Үкіметтің емес ұйымдардың да қала өміріндегі, еліміздің өміріндегі орыны өте үлкен. Сіздерге көп нәрсе жүктеліп отыр. Оны сіздермен бірге біріге отыра жұмыс жасауымыз қажет. Бүгінгі таңда қалада 4 мыңдай үкіметтік емес ұйымдар тіркелген. Бірақ, оның барлығы да бірқалыпты жұмыс істеп жатыр деп айтуға болмайды.

 

Үкіметтік емес ұйымдардың арасында бәсеке болып, жүйелі жұмыс істеуі үшін оларға мемлекеттік гранттардың әділ бөлінуін қадағалау керек. Осылай деген Сағынтаев атқарылған істің есебін мұқият тексеру керектігін де жеткізді. Әсіресе, жастармен жұмыс істейтін ұйым өкілдеріне бірнеше ескерту айтты. Өйткені, қалада қазір 50-ге жуық жастар ұйымы бар. Алайда, осы салада шешілмеген мәселе шаш етектен, былық та көп.

 

Бақыт Түменова, «Аман-саулық» қоғамдық қорының басшысы:

 

Жастар НПО-сы жаңа есеп жасағандай болды. Бірақ, олар көбінесе студент болып жүрген жастарменен жұмыс істейді. Ал әлгі, жұмыссыз жүрген жастармен ешкім жұмыс істемейді. Олар өздері топталып жаңағы көңілдері толмайды. Сондықтан, тек қана сьезд емес, тек қана дөңгелек үстел емес, тек қана концерттер емес негізі кәдімгі дұрыстап жұмыс істеу керек жастарменен.

 

Бұдан бөлек, қала басшысы полицейлерге алып шаһардың қауіпсіздігін реттеуді тапсырды. Мәселен, Түркісіб ауданын аралап, тұрғындармен кездескен Сағынтаев, тәртіпті күшейту керектігін айтты. Көтерілген мәселе дер кезінде шешімін де тапты. Тәртіп сақшылары арнайы рейд жүргізіп, бір түнде 130 адамды ұстады. Олардың  50-ден астамы жеңіл жүрісті қыз бен жеңгетай. Барлығы әкімшілік жазаға тартылып, айыппұл салынды. Ал қаланың қауіпсіздігі үшін рейд жұмыстары одан әрі жалғаспақ.

 

Аманкелді СЕЙІТХАН

 

 

 

 

Хабарламаларға жазылу