Бүгінгі қаржы конференциясы аясында Халықаралық деңгейдегі қаржы институттарының білікті мамандарынан дәріс тыңдауға шетелдерден 100-ге жуық адам келді. Көбі – Орталық Азия елдері мен Ресей мемлекетінің кәсіпорын өкілдері. Олар компанияларды инвесторлармен үйлестіру саласында біліктіліктерін арттырады. «Astana Finance days» конференциясына АҚШ, Ұлыбритания, Сингапур және Үндістан сынды бірқатар мемлекеттен 300-ге жуық сарапшы тіркелген. Басқосудың аясында мамандар жаһандық экономиканың соңғы 10 жылында орын алған өзгерістерді саралап, интеграциялық үрдістердің жоспарын құру сынды тетіктерді талқыға салды. Сондай-ақ, білім беру саласына озық технологиялардың енуін сөз етті.
Мақсұтбек Айтмағамбет, форумға қатысушы:
Қазақстанда 7042 мектеп бар. Ұстаздардың басым көпшілігі қалада жұмыс істегісі келеді. Себебі, үздік білім беру мекемелері үлкен шаhарларда орналасқан. Дегенмен, мамандар баруға асықпайтын шағын қалалар да бар. Оларға онлайн дәрістерді ұйымдастыру керек. Өйткені, білім беру жүйесі оқушы-оқытушы формасынан ажырап барады. Адамдар өздігінен дәріс алады. Әлемдегі өзгерістер мұны көрсетіп отыр.
«Астана» халықаралық қаржы орталығы халыққа тегін заңгерлік кеңес беретін Law Pro Bono кеңсесін іске қосты. Тегін кеңес беруде Астана қаржы орталығында тіркелген халықаралық және жергілікті заңгерлік компаниялардың қызметкерлері жұмыс істейді. Былтыр орталықта осындай 20-дан астам заңгерлік компания тіркелген. Тегін кеңес әр екі апта сайын сейсенбі және бейсенбі күндері сағат 10.00-12.00 аралығында өткізіліп отырады. Ақыл-кеңес электронды түрде берілмейді.
Фариза Мұсақыз