Арыстағы төтенше жағдайға байланысты «Түркістан» атты корпоративтік әлеуметтік даму қоры құрылған болатын. Соңғы мәлімет бойынша сол қорға түскен қаржы көлемі 1 миллиард теңгеден асты. «Көп түкірсе - көл» деген. Ақшалай қолдаудан бөлек, жапа шеккендердің жанында күндіз-түні кірпік қақпай, тұрғындардың амандығын қамтамасыз еткен полициялардың еңбегі ерен.
Алаш жұрты арыстықтардың басына түскен ауыртпалықты бірге көтерісті. Әсіресе полицейлер бес күн бойы жарғақ құлағы жастыққа тимей, халықтың жүрегіндегі мұңын, қолындағы жүгін, жеңілдетуге тырысты. Жарылыстардан жүрегі шайлығып, көңілі қаймығып қалған жұртты жұбатты. Үйлеріне таратты.
Бес күн бойы үй бетін көрмеген жұрт тұрақтарына оралғанда алай-дүлей күй кешті. Бірінің мал-мүлкі түгел. Алапаттан аман. Ал екіншісінің қорадағы малы жоқ, тығып кеткен пұлы жоқ.
Мағжан Орынбасаров, Арыс қаласының тұрғыны:
Үйімде сейфім бар еді. Сол жоқ. Оның ішінде бар алтыным, үйдің, қызымның документтері бар еді.
Шырылдаған халықтың шағымын тыңдап, шара қолданатын да полицейлер. Әр көшенің басында бір-бір топ. Тұрғындардың талан-таражға түскен дүниесін іздейтін де, көз жасын сүртіп, сүйейтін де – сақшылар.
Абат Жақсыбергенов, Жергілікті полиция қызметі ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:
Үйлеріне келген тұрғындардың мүлкінің амандығын, басқа да шағымдар болатын болса, шұғыл түрде шара қолдану үшін атқарылып жатыр.
Бір жарым мыңнан астам полицей апат басталғалы Арыста аяғынан тік тұрып қызмет етуде. Алдымен халықты қауіпсіз жерге көшірді, қаулаған өртті өшірді. Қалаға қарша бораған снарядтардан тазартты. Ашық – шашық, жабусыз қалған үй-жайларды ұры-қарыдан қорыды. Сонда да, сұғанақ қол сұмдарға дауа жоқ екен.
Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрі:
Мородерлік деректері бойынша кеше 4 дерек тіркелген, бүгін тағы 4 адам ұсталды. Олар тұрғындардың малын, жеке мүлкін ұрлаған. Қазір барлық факт бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Жарылыстардан жапа шеккен жұртқа барынша жақын болу үшін полицейлер 170 көшенің басында, күннің астында, азаматтардың арыз-шағымын қабылдап отыр.
Гүлжазира ҒАЛИҚЫЗЫ