Арыс қаласында қауіп сейіліп, бүгін таңертеңнен бастап шаһар жұртшылығы атақоныстарына барып жайғаса бастады. Дүйсенбідегі дүмпуден соң төрт күн бойы Шымкент қаласы мен Түркістан облысына қарасты бірнеше аудандардағы қоныстану орталықтарын паналаған жұрт өз үйлеріне оралды. Арыстықтарды туған жеріне жеткізіп салу үшін жергілікті билік жолаушы тасымалдайтын 135 автобус жалдаған. Жол қауіпсіздігін 1 мыңға жуық тәртіп сақшысы қамтамасыз етті.
Алғашқы лекпен Арысқа жеткен Гүлсінай апа үйін көріп, толқуын баса алар емес. Жасырақ кезінде күйеуі екеуі тырбанып жүріп өздері тұрғызған баспанасы. Жарылыстан терзелері қирап, қабырғалары сөгіліпті. Соны көріп жаны ауырғанымен тәубешіл ана өздерінің аман қалғандарына шүкіршілік етті. Қос немересі жанында. Баласы мен келіні сүйеніш.
Гүлісінай Ілиясова, Арыс қаласының тұрғыны:
Халқым бар екен, елім бар екен, айналайын, қорғайтын. Сөзімді сөйлейтін. Бәріне ырзашылығымыз зор. Енді мұндайды болдыртпасын. Осы жерде өніп өсейік.
Күн көтеріле бере басталған көш кешке дейін де толастаған жоқ. Жан-жаққа бытырап кеткен ағайын-туыс шұрқырай көрісіп, қайта табысып жатыр. Арыста тіршілік еткен 45 мыңдай халықтың жартысына жуығы апат болған күннен бері Шымкентте тіршілік етті. 400-дей адам Түркістанға түнеп жүрді. Біразының жағдайын көрші облыс жамбылдықтар жасады. Арыс халқы қиын күндердегі жұрттан көрген жақсылығын айтып тауыса алар емес.
Жебелі Бостанов, Арыс қаласының тұрғыны:
Елдің барлығының жағдайын жасады. Тамағын да, киімін де, жататын орын, керек десең, моншасына түсіріп, жағдайымызды жасады. Қазақ болып туғаныма мақтандым. Қандай халқымыз бар екен. Қиын кезде жәрдем берді.
Осылайша 4 тәуліктен соң Арыста тіршілік қайта жанданды. Көшелер, үйлердің ауласы снарядттардан тазартылды. Жарық, ауыз су жүйелері толығымен іске қосылды. Теміржол бекетінен барлық бағытқа пойыз қатынай бастады.
Ұласбек Сәдібеков, Облыс әкімінің кеңесшісі:
Барғаннан кейінгі бірінші кезекте ол — тамақ мәселесі. Ас-ауқат мәселесі ол жерде шешілген. Әр адамға тиесілі пакет үлесі беріліп тұрады. Сонымен қатар, ол азаматтардың барлығы да біреулерінің үйі қираған, біреулерінікі жарамсыз, солар уақытша тұратын тұрақ мәселесі шешіліп жатыр. Ремонт жұмыстары қызу басталатын болып тұр.
Жұрттың үйлеріне жайғасуына полиция қызметкерлері, дәрігерлер, төтенше жағдай мамандары көмектесуде. Әрбір он үйге жауапты адамнан бекітілген. Олар иелерін ертіп жүріп, баспаналардың қазіргі жағдайын фото-видеофиксация жасауда. Бұл ертеңгі күні шығындарды есептеуге көмек береді. Бүлінген баспаналар бір айдың ішінде қалыпына келтірілмек. Таяу күндері бұл жұмысқа 160 құрылыс бригадасы кіріседі.
Ғани ҚАЛМАХАН