Арыс қаласында қауіп сейіліп, шаһар жұрты бүгін өз үйлеріне барып жайғаса бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Арыс қаласында қауіп сейіліп, шаһар жұрты бүгін өз үйлеріне барып жайғаса бастады

28.06.2019

Дүйсенбідегі дүмпуден соң төрт күн бойына Шымкент қаласы мен Түркістан облысына қарасты бірінеше аудандардағы қоныстану орталықтарын паналаған жұрт өз баспаналарына келді. Арыстықтарды туған жеріне жеткізіп салу үшін жергілікті билік жолаушы тасымалдайтын 135 автобус жалдаған. Жол қауіпсіздігін 1000-ға жуық тәртіп сақшысы қамтамасыз етті. Бүгінгі таңда коммуналдық қызметтер: қаланы жарық және сумен жабдықтау жүйелері іске қосылды. Сондай-ақ Арыс теміржол бекетінен барлық бағытқа пойыз қатынай бастады. Ветеринарлық қызмет жануарлардың өлексесін іздеп, оны жою және залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуде. Бекітілген қызметкерлер Арыстағы әрбір үйдің иелерін ертіп жүріп, қазіргі жағдайын фото-видеофиксация жасауда. Бұл ертеңгі күні шығындарды есептеуге көмек береді. Үйлерге жайғасу барысында полиция қызметкерлері мен дәрігерлер, төтенше жағдай департаменті мамандары қызмет көрсетуде. Иесіз қалған үйлерде ұрлық қарлық фактілері орын алған болса дереу 400 полицей көмегіне жүгінуге болады. Шаһарда 400-дей тергеуші маман жұмыс істеп жатыр.

Ғани ҚАЛМАХАН

Хабарламаларға жазылу