Жол үстіндегі жұмыстар сапасыз жасалған. Ұлттық жол активтері сапасы орталығының мамандары мұндай кемшіліктерді арнайы тексеріс барысында анықтады. Мысалы, олар қайта жаңғыртудан өтіп жатқан Сәтпаев даңғылында бірнеше учаскіден сынама алып, зертханада сараптама жасаған. Нәтижесінде, жол үстінде төселген қиыршықтас-мастикалық асфальбетон қалыңдығы кейбір жерде талапқа сай емес екені анықталды. Жол құрылысын жүргізіп жатқан мердігер компания кемшіліктерді белгіленген мерзім ішінде жоюға міндетті. Бұдан былай таяуда ғана құрылған ұлттық жол активтері сапасы орталығының мамандары мұндай тексерулері тұрақты түрде жүргізіп тұрмақ.
Еркін Даумов, «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК облыстық филиалының маманы:
Зертханалық тексеріс барысында алынған қиындылардың біреуі жобада көрсетілген қалыңдыққа сай емес болып шықты. Яғни, 3,7 сантиметр көрсетті, ал жоба бойынша 5 сантиметр болу керек. Осы анықталған кемшілік бойынша тапсырыс беруші өкілдер мен мердігерге хат жіберілді.
Берік КӨШЕРБАЙ