Қызылорда облысында биыл цифрландыруды дамыту үшін 14 миллиард теңгеге жуық қаражат қаралды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында биыл цифрландыруды дамыту үшін 14 миллиард теңгеге жуық қаражат қаралды

27.06.2019

Қызылорда облысында биыл цифрландыруды дамыту үшін 14 миллиард теңгеге жуық қаражат қаралды. Бұл туралы «Адами капиталдың  дамуы: аймақ үшін жаңа тегеуріндер мен мүмкіндіктер» атты халықаралық интернет форумда айтылды.  Қазір өңірде ақылды басқару жүйесі бойынша 30-ға  жуық жоба жүзеге асырылып жатыр.

Форумға биыл Сингапур, Ресей, Татарстан сарапшылары қатысып, онлайн режимде  жұмыспен қамтудың болашағын, жаңа жағдайдағы сын тегеуріндер мен білім саласындағы жобаларды талқылады.  Адами капиталды дамыту аймақ дамуының басым бағыттарының бірі. Сондықтан облыстық бюджеттің 40 проценттен астамы білім беру саласына бөлінген.

Қырымбек Көшербаев, Облыс әкімі:

Әлемде білім беруді дамытуға мемлекеттік шығыстар бұрыннан әлеуметтік шығындар ретінде есептелмейді. Себебі, бұл - табыс әкелетін инвестиция. «Барлығын кадрлар шешетінін» түсінеміз, сондықтан біз де жастардың білім алуын құптаймыз, қолдаймыз.

Өңірде «HackDay» жас IT-мамандардың  өңірлік фестивалі ұйымдастырылды.   «IT-эшелон» жобасы аясында жастар веб-бағдарламалау негіздері мен фронтенд-әзірлемелер бойынша ақысыз негізде оқытылып жатыр.  Сондай-ақ, сыр бойының жастары Мәскеу, Сант –Петербург қалаларындағы озық оқу орындарында  облыс әкімінің граты негізінде тегін білім алуда. Қазір талап жоғары. Сондықтан білім беру жүйесі нарықтың, еңбек саласының сұранысына сай өзгеруі керек. 

Нұрлан Қиясов, «МИСиС» ҰТЗУ даму жөніндегі директоры:

Автоматтандыру, жасанды интеллект мәселелері бойынша олардың өзгеруі және осы технологияға байланысты жаңа мамандықтар пайда болды. Мысалы, әлеуметтік жүйе менеджері 10 жыл бұрын өте қажетті мамандық болатынын ешкім айта алған жоқ.

Осыған дейінгі интернет форумның нәтижесінде   өңірде   "Барс-Групп" татар компаниясымен бірлесіп "Электрондық балабақша" жобасы жүзеге асырылды. Бұл  жүйе  425 мектепке дейінгі  білім беру мекемесіне енгізілген. Сондай-ақ, "Транстелеком" компаниясымен бірігіп тұрғын үй коммуналдық шаруашылық шығындарын оңтайландыруды көздейтін "е-Шаңырақ" зияткерлік ақпараттық жүйесінің пилоттық жобасы іске қосылды. 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

 

 

Хабарламаларға жазылу