Ресейде АН-24 жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, 2 адам қаза тапты. Тағы 20 шақтысы жараланып, ауруханаға жеткізілген. Оқиға Бурятияның солтүстігіндегі Нижнеангарск қаласында болды. Улан-Удэге бағыт алған ұшақ аспанға көтерілген соң, қозғалтқыштардың біреуінде ақау анықталған. Сондықтан, экипаж әуежайға қайтуға мәжбүр болды. Дегенмен, әуе көлігі жерге қонғаннан кейін, ұшып-қону жолағынан 100 метрдей шығып кетіп, ғимаратқа соғылған. Осының салдарынан экипаж капитаны мен бортмеханик қайтыс болды. Лайнер бортында 42 жолаушы болған. Дәрігерлердің айтуынша, зардап шеккендердің жағдайы қалыпты. Оларға қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
Бірер сағат бұрын апат бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды.