Әскерилер Арыс қаласында тұру әлі де қауіпті екендігін айтуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әскерилер Арыс қаласында тұру әлі де қауіпті екендігін айтуда

26.06.2019

Арыс тұрғындарының қалаға оралуына әлі ерте. Тұрғын үй секторы, көшелер, темір жол тораптары мина, снарядтардан әлі де толықтай тазартылып біткен жоқ. «Сондықтан қауіпсіздік шараларын сақтап, тұрғындарға шыдамдылық танытуға тура келеді»,- деді Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев.

 

Снарядтар жарылыс болған күні бұршақтай жауған секілді. Жолдардан, аулалардан 130 жарылғыш зат шығарылды. Сондықтан әр көше, әр үйді  біртіндеп сүзіп шыққанша, снарядтардан толық тазарғанша, тұрғындарға өз қоныстарына оралуына рұқсат жоқ.

Өмірзақ Шөкеев, Облыс әкімі:

Бізде жоспар болған ертеңнен бастап Арыстың тұрғындарын қалаға кіргізуге мүмкіншілік болады деп. Бірақ біз бәрін жан-жақты талқылап, әсіресе, әскери қызметкерлермен. Ойлап отрмыз мұны әлі 3 күнге шегеу ерек деп. Өйткені өте қауіпті.

Соның өзінде ұрланып кіріп, мал-мүлкін түгендеп жүргендер табылды.

Жұмахан Бақтыбаев, Арыс қаласының тұрғыны:

Біз енді жағдайды білейік деп келдік қой. -Қалай екен үйіңіз енді? - Сол орнында. Снаряд түскен. Соны жергілікті жерге айтып, жаздырып кетіп барамын енді.

Жарылыс болған күні, тек бас амандығынын ойлап, тым- тырақай қашқан жұрт, енді ауладағы итін, қорадағы малын, үйінің жайын күйттей бастайтыны түсінікті. Полиция  қала аумағында қараусыз қалған 37 ірі бас мал мен 150 -дей қойды қауіпсіз жерге айдап апарып, шөп, суын беріп күзеткен.

Қылыш Жетібаев, Арыс қаласы полиция басқармасы басшысының орынбасары:

Осындай бір 5-6 фактілер тіркелді. Қазіргі таңда егелеріне қайтарылып жатыр. Егелері дән риза. Ол да болса, осы барлығымыздығ бірлесіп жұмыс атқарып жатқанның арқасы.

Қорадағы малды менікі деп айдап кетпек болғандар да табылған. Абырой болғанда полиция ақ- қарасын анықтап, малды өз иесіне қайтарды.

Жұмахан Бақтыбаев, тұрғын:

Кеше мен отбасымды қауіпсіз жерге тасумен болдым.

- Малыңызды ойлауға шама болмады. Енді ес жиған соң іздей, бастадыңыз ба?

-Әрине, әскерилерге рақмет. Тауып ІІБ регистрация жасатқан.

Санитарлық эпидемиологиялық жағдайды бақылау үшін Арысқа Жандарбек Бекшин келді. «Ең алдымен жұқпалы аурудың таралуына жол бермеуіміз керек»,- дейді . Сондықтан қала ең алдымен  ит-құс, малдың өлексесінен тазартылады. Сосын су арналары мен құбырларға дезинфекция жасалады. Ол үшін 9 агрегат, 20- дан астам СЭС бригадасы жан -жақтан шақырылған. Сондай ақ, бактериологиялық және химиялық сараптама жасайтын 2 жылжымалы зертхана әкелінген. «Бастысы, аймақтағы эвакуациялық пунктерге жеткізіп жатқан ас судың да сапасы жіті бақылауда»,- дейді бас санитар.

Жандарбек Бекшин, ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы:

Мақсат тұрғындардың арасында инфекция ауруларының таралуына жол бермеу, барлық тамақ беретін пунктерге дизинфекция жасап қойдық.

Айта кетейік , аймақта 70 шақты мектеп, интернат, бала бақша  зардап шеккендерге пана болып тұр. Бұл жерге тіркелгендер саны 24 мыңнан асты.

 

Гүлжазира ҒАЛИҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу