Мемлекет басшысы БАҚ саласы қызметкерлеріне сыйлықтар мен гранттар тапсырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы БАҚ саласы қызметкерлеріне сыйлықтар мен гранттар тапсырды

26.06.2019

Айта кетейік, мыңдаған адамның тұрмысын жақсартатын жаңа жарлықты алғашқы болып жаңалық жаршылары естіді. Кәсіби мереке қарсаңында БАҚ өкілдерін Ақордаға жинаған мемлекет басшысы осы қаулыны журналистер алдында жариялады. Журналистер үшін де бұл күн ерекше болып тұр. Өйткені Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Үкімет арнайы қаулымен Қазақстан журналистерінің кәсіби мерекесін бекітті. Президент Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметіне «Қоғамдық маңызы зор» деген бағасын беріп, алдағы мейраммен құттықтады. 

 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ел ішіндегі және әлемдегі оқиғалардан халыққа шұғыл, әрі шынайы ақпарат тарату – сіздердің кәсіби еңбектеріңіз. Екі күн бұрын ғана Арыста болған төтенше жағдай бойынша еліміздің түкпір-түкпіріне дер кезінде хабар тараттыңыздар. Бұл, әрине, барша халықтың жанына батқан оқиға болды. Осындай жауапты сәтте сіздер отандық БАҚ өкілдері, бүкіл Қазақстан жұртшылығы Арыстық халықпен бірге екендеріңізді жеткізе білдіңіздер. Барлық журналистерге алғысымды, ризашылығымды білдіремін!  

Алғыстан бөлек дарынымен, еңбегімен көзге түскен бір топ журналист Президент қолынан марапат та алды. Қасым-Жомарт Тоқаев өкімімен БАҚ өкілдеріне сыйлық, грант және шығармашылық ұжымдарға алғыс хаттар тағайындалды. Олардың ішінде «Qazaqstan» телеарнасының қызметкерлері де бар.  Арнамыздың «Мәселе» талдамалық бағдарламасының жүргізушісі Нартай Сәрсенғалиев грант алса, «Qazaqstan» телеарнасының жүргізушілері Қымбат Досжан мен Дана Нұржігіт, сондай-ақ ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясының директоры Ерлан Атамбай Президент атынан алғыс хатқа ие болды.

Нартай Сәрсенғалиев, «Мәселе» бағдарламасының жүргізушісі:

Мен үшін үлкен мәртебе, үлкен қуаныш және қуаныштың артында үлкен жауапкершілік тұр. Өйткені бұл марапатты алғаннан кейін біз телеранада бұдан да 10 есе, 100 есе артық еңбек етуге, осы алған грантты ақтауға тырысуымыз керек. Бұл енді тек қана менің қара басымның қуанышы деп білмеймін. Біздің еліміздегі 100 пайыз қазақ тілінде хабар тарататын ұлттық арнаның тұтас жетістігі деп білемін.

Альбина ӘШІМ

Хабарламаларға жазылу