Арысқа құрылыс материалдары жөнелтілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Арысқа құрылыс материалдары жөнелтілді

25.06.2019

Алматыдан Арысқа тек азық-түліктер мен киім-кешектер емес, құрылыс заттарын да жібермек. Жергілікті кәсіпкерлер  мен сауда орталықтарының басшылығы жарылыстан зардап шеккен аймақ тұрғындарына осылай көмектесуді жөн деп тапқан. Бүгін түнде жалпы көлемі 100 тоннадан астам жүк тиелген 9 камаз көлігі Түркістан облысына жол тартады.

 

Төтенше жағдайлар комитетінің мәліметінше, Арыстағы әскери қоймалардағы жарылыс салдарынан қаладағы ғимараттардың 80-90 пайызы бүлінген. Сондай-ақ, электр желілері үзіліп, көшедегі бірнеше нысандар қираған. Осыған орай, Алматылық кәсіпкерлер қаланы қайта қалпына келтіру үшін қажетті құрылыс материалдарын беруді ұйғарған.

 

Ерлан Сейсембаев, кәсіпкер:

 

Біз қазір қанша адамның үй-жайына қандай шығын келгенін білмейміз. Бірақ, қолымыздан келген көмекті осы бастан жасай беруді ойладық. Сол себепті, біздің  «Ови» құрылыс дүкені жалпы құны 5 миллион болатын құрылыс заттарын жібердік. Одан бөлек, қызметкерлеріміз бір күндік жалақыларын ақшалай көмек ретінде аударуға шешім қабылдады.

 

Қоғамдық көмектен қаладағы құрылыс базарлары да тыс қалмады. Олар да цемент, эмульсия, шатыр, штукатурка қоспасы, терезе, есік сияқты тұрмыстық заттарды Арысқа жіберуге дайын. Қазір әр базар мен дүкендер өз көмектерін қаладағы Төтенше жағдайлар департаментінің қоймасына жинап жатыр. Осы жерден заттар түр-түсіне қарай іріктеліп, жүк көліктермен жіберіледі.

 

Нұрлан Ағыманов, кәсіпкер:

 

Өзіміз де осы жерде жиналыс болып, Арыс қаласына көмектесейік деп шетік.  Бүгін бірінші партиясын жіберіп жатырмыз. Әзірге бір миллионның үстінде. Одан кейін тағы да біздің осы «Строй Ситида» хабарлама бердік. Біздің кәсіпкерлер, жеке кәсіпкерлер олар да шамаларына қарап, қанша бар, соған қарап, екінші партияны тағы да жібереміз.

 

Арман Қалбеков, «Nur Otan» партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары:

 

Бүгінгі таңның өзінде біздегі ақпараттар бойынша, арнайы көрсетілген  есепшотқа 15 миллион теңге көлемінде Алматылықтар аударып үлгерді. Және өздеріңіз көргендей қаншама камаз құрылыс заттарын жіберді.

 

Бір күннің ішінде көлемі 100 тоннадан астам құрылыс заты жиналды. Оларды Арыс қаласына жеткізуге 9 камаз көлігі дайындалған. Ал, кәсіпкерлер қаланы қалпына келтіру үшін қанша көлемде материал керек, сонша көмек беруге әзір екендіктерін айтты.

 

Аманкелді СЕЙІТХАН

 

 

Хабарламаларға жазылу