Батыс Қазақстан облысынан да Арыстағы ағайынға гуманитарлық көмек аттанды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстан облысынан да Арыстағы ағайынға гуманитарлық көмек аттанды

25.06.2019

Сын сағатта Жайық жұртшылығы да жәрдемнен сырт қалмады. Бүгін таң атысымен азық-түлік пен тұрмыстық бұйымдар жүк көлігіне тиелді. Атап айтқанда, 4 тонна астық, 5 тонна макарон өнімі, 3 тонна сүт өнімі, қант, құс еті, тұз, өсімдік майы бар. Мыңдаған дана балалар киімі мен тұрмыстық тауарлар да жиналды. Көмекке өңірдегі 20-ға жуық ірі кәсіпорын, кәсіпкер атсалысты. Ал құрылыс материалдары кеше түнде жіберілген. Қарапайым азаматтар да қолұшын беруден құр қалған жоқ.

Ғабидолла Оспанқұлов, облыс әкімінің орынбасары:

Қосымша қаражат мәселесі жинақталуда. Көп азаматтар өздерінің біркүндік жалақыларын аударуға бел буып отыр. Сонымен қатар азаматтардан, кәсіпкерлерден, кәсіпорындардан құрылыс материалдары болсын, тағы қандай бірінші қажеттіліктегі заттар қажет, жинақтау пункттері ашылды. Орал қаласында 3 жерде жұмыс істеп жатыр. Егер кімде-кім қолұшын беремін десе, осы пункттерге келіп, көмек көрсетуге болады.

Хабарламаларға жазылу