6 адамды өрттен құтқарған алматылық полицей III дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

6 адамды өрттен құтқарған алматылық полицей III дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды

24.06.2019

Алты адамды өрттен құтқарған алматылық полицей Әлімқыдыр Әділеттің көзсіз батырлығы көпке үлгі. Ол осы ерлігі үшін Президенттің жарлығымен III дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.

 

Бұл  –  сол түні өртке оранған үй. Абай даңғылы мен Тілендиев көшесінің маңында кезекшілікте жүрген сержант, көмек сұраған дауысты естиді. Оқиға орнына жедел жетіп, көк түтіннен түк көрінбейтін үйден алты адамды дін аман алып шығады. Олардың арасында балалар да болған.

 

Әділет Әлімқыдыр, Алматы қаласы ІІД Көші-қон қызметі басқармасының кіші инспекторы:

 

Бұл жерде өз өміріңді ойлайтын жағдай емес қой. Сен өз өміріңді ойласаң, арғы жағында қаншама адамның өмірі кетеді. Бұл да әр адамның борышы деп ойлаймын енді. Менің орнымда басқа адам болғанда да тура сондай жағдайлар істейтін еді.

 

Қазір Әділет Алматы қалалық көші-қон басқармасында кіші инспектор болып жұмыс істейді. «Қауіпсіздік саласын таңдағаныма еш өкінген емеспін. Себебі, адамдарға көмектесу – өмірлік ұстанымым», - дейді ол. Бала күнінен полицей киімін киіп, Отанды қорғауды мақсат еткен 23 жастағы азаматты әріптестері де адал қызметкер ретінде құрмет тұтады.

 

 

Қанат Еселбаев, Алматы қаласы ІІД Көші-қон қызметі басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

 

Өзіне қауіп төніп тұрғанына қарамастан, бірнеше адамды құтқарды. Қарапайым ғана ауылдан шыққан жап жас бала  ерлік жасап, көпке үлгі болды. Біз осындай қызметкерлермен мақтанамыз. Полицейлердің барлығы Әділет сияқты болу керек.

 

Ел қауіпсіздігі жолында басын қауіп-қатерге тігетін Әділет сынды полицей жетерлік. Өкінішке қарай, қаза тапқандар да аз емес. Статистикаға сүйенсек, осы уақытқа дейін 800-ге жуық азамат қызмет бабында жан тапсырса, 3500-ден астам полицей түрлі жарақат алған.

 

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу