Елордада «Ұлы Дала» IV гуманитарлық ғылымдар форумы басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада «Ұлы Дала» IV гуманитарлық ғылымдар форумы басталды

24.06.2019

«Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін». Осындай тақырыппен бүгін елордада «Ұлы Дала» IV гуманитарлық ғылымдар форумы басталды. Халықаралық жиынның салтанатты ашылуында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хаты оқылды. Онда Ұлы дала Еуразияны жайлаған халықтардың тарихи шежіресінің куәсі екені және бұл кеңістіктің шығыс пен батыс өркениетін біріктіріп жатқаны айтыла келе, жаңа идеялар мен тың тұжырымдардың пайда болып, әрдайым жаңарып тұруы Ұлы даладағы жаһандану үрдісіне оң ықпал еткені айтылған. Хатты білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов оқып берді. Ауқымы үлкен, мәні зор жиынға жер-жиһанның 21 елінен 250-ге жуық танымал ғалым мен белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысып жатыр. Форум 6 тақырыптық секцияға бөлінген. Жұмыс соңында өзара ықпалдастықты нығайтатын қорытынды қарар қабылданады деп күтілуде.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

 

Хабарламаларға жазылу