Күні кеше елімізде тәртіп сақшыларының төл мерекесі аталып өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Күні кеше елімізде тәртіп сақшыларының төл мерекесі аталып өтті

24.06.2019

Тәуелсіздік жылдары тек Ақтөбе облысының өзінде 9 полицей қызметін атқару барысында қаза болған. Тағы отызы түрлі жарақат алған. Әріптестері олардың ерлігін ешқашан ұмытқан емес. Облыстық Полиция департаменті ғимаратындағы музейде арнайы бұрыш арналған. Енді жеке кітап басып шығаруды жоспарлап отыр.

 

Темірбек Жақсылықбаев 2012 жылы қаза тапқан. Ержүрек полицей қылмыскерлерді ұстау барысында оққа ұшқан. Оның зайыбы Гүлфия сол қаралы күнді ешқашан ұмытпайды. Дегенмен, нәзік жанды тәртіп сақшысы жауапкершілігі мен қаупі жоғары қызметті таңдағанына өкінген емес. «Жолдасым үшін бұл міндетті әрі қарай жалғастыру - парызым», - дейді.

 

Гүлфия Жақсылықбаева, полиция капитаны:

 

«Әдепті, жақсы көретін, жақсы әке болды. Әке, жұбай болды. Темірбекті ешқашан ұмытпаймыз балам екеуміз. Себебі, ол біздің жүрегімізде.Оның орны бөлек».

 

Ақтөбедегі құқық қорғау саласы мамандарына арналған музейден қызмет барысында қаза тапқан полицейлер туралы мол ақпарат алуға болады. Бұл жерде олардың өмірі мен ерлік істері баяндалған.

 

Айша Өтеулина, Полиция департмаментінің музей меңгерушісі:

 

Олардың өмір жолын, еңбек жолы,ерлігін насихаттау үшін осы музейде көрсетіп қойдық. Тума-туыстарымен,жұбайларымен, балаларымен байланыстамыз. Департамент басшылығының қамқорлығынан тыс қалмайды. Әр уақытта шараларға қатысып, біздің қадірлі қонағымыз болады.

 

Полиция департаментінің басшылығы қызметкерлерінің қауіпті жағдайларға жиі ұшырап жататынын айтады. Әсіресе, тәртіп сақшылары Ақтөбеде 2016 жылы болған лаңкестік оқиға кезінде бастарына төнген қатерге қарамастан кәсіби шеберліктерін көрсеткен.

 

Бауыржан Максимов, Полиция департаменті Кадр саясаты басқармасының бөлім басшысы:

 

Олар қазіргі таңда өскелең ұрпаққа өнегелі қызметкер болып есептеледі. Сонымен қатар қазіргі таңда біздің полиция жүйесінде 30-ға тарта қызметкер қызметтік міндетін өткеру кезінде әр түрлі дәрежеде жарақат алған. Олар әр түрлі жүйелерде өз қызметтерін жалғастырып жатыр.

 

Полицейлер қызметте жүріп, қаза тапқан әріптестерін ешқашан ұмытқан емес. Қазір марқұмдардың ерлік істері баяндалған кітап шығаруға қам жасалып жатыр. Әзірге ол туындыға шартты түрде «Ерлік заңымен» деген атау берілген.

 

Жақсыбек КЕМАЛ

 

Хабарламаларға жазылу