Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиынының ашылуына қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиынының ашылуына қатысты

19.06.2019

Әскери- патриоттық тәрбие беру арқылы бәсекеге қабілетті, отансүйгіш жастар корпусын қалыптастыру. «Айбын» республикалық әскери- патриоттық жиынына бес жыл. Республикалық «Жас сарбаз» қозғалысының 700 -ге жуық өкілі бүгін Спасск оқу-жаттығу орталығына жиналып, әскери өмірдің қыр- сырын меңгеріп, бірнеше күн бойы әскери шеберліктен өзара мықтыны анықтайды. Жас сарбаздар үшін биылғы шараның орны бөлек. Себебі жиынның ашылу салтанатына Мемлекет басшысы, Қарулы күштердің жоғарғы Бас  қолбасшысы Қасым Жомарт Тоқаев қатысты. Қарағанды облысынан әріптесім Дулат Абибуллаев баяндайды.

Мерейтойлы, бесінші рет өтіп жатқан «Айбын» жастар жиынына елдегі әскери мектептер мен әскери бөлімшелер жанындағы жастар клубының, орта мектептердің әскери патриоттық  үйірмелерінің  жас сарбаздары келді.  Жаттығу алаңына бірнеше күн бұрын келген жастар шатырда тұрып, темірдей тәртіпті көзімен көреді. Шараның мақсаты да осы. Жастарды ұлтжандылыққа, отан қорғауға тәрбиелеу.  Он төрт пен он жеті жас аралығындағы ұландар үшін бүгін ерекше күн. Жоғарғы Бас қолбасшымен жүздеседі.  Шараға арнайы келген Мемлекет басшысы алдымен әскери лагерьді аралап,  сарбаздармен кездесті, «Айбын» аллеясында болып, қару-жарақ көрмесімен танысты.

«Айбын» дәстүрлі жиынының ашылу салтанаты ашық аспан астында өтті.  «Жас сарбаз» қозғалысының  өкілдері Жоғарғы Бас қолбасшыға ант беріп, ту көтерді.

Қасым Жомарт Тоқаев ел дамуының басты қозғаушы күші жастар екенін, оларға зор үміт артылатынын айтты.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстанның әрбір жетістігі өздеріңіз сияқты жас өрендердің алаңсыз, жарқын келешегі үшін жасалған қадам. Бүгінде біздің елімізге барша әлем қауымдастығы құрметпен қарайды. Мемлекетіміз қарқынды дамуда. Мұның бәрі тарихи тұрғыдан алғанда қысқа мерзімде атқарылған табанды еңбектің нәтижесі. Еліміздің жетістіктерін еселеп, абыройын арттыру сіздердің Отан алдындағы қастерлі борыштарыңыз! Жақсы дәстүрге айналған «Айбын» әскери-патриоттық жиыны отаншыл жастарды адал қызмет етуге, ел қорғаны болуға тәрбиелейтін дәл осындай бірегей алаң.

 Жастар жылында өтіп жатқан мерейтойлық шараға 17 өңірдің өкілдері қатысты.  Олар облыстық іріктеуден өткен жас сарбаздар. 

Ұлдана Өсербай,  «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиынының қатысушысы:

Мен осы «Айбынға» бірінші рет келіп тұрмын.  Маған өте күшті, әсерлі болды. Жастар жылы болғандықтан осындай «Айбын» секілді жарыстар көп болса деймін. Неге? Себебі олар бізді  ерлікке, өзіміздің елімізді қорғауға, әрқашан да сүюге үйретеді.

Әліби Сарыбай, «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиынының қатысушысы:

Әскери мамандыққа қызыққаным, ол кішкентай кезімнен бастап әртүрлі әскери мамандықтар туралы киноларды көрдім. Ұлы Отан соғысы туралы көптеген мәліметтерді өзім зерттеп таныдым. Болашақта ұшқыш болғым келеді.

Мұхамеджан Таласов, ҚР  Қарулы күштері бас штабы бастығының орынбасары:

Елбасымыз, Тұңғыш Президентіміз өзі әскери патриоттық «Жас сарбаз» жасөспірімдердің қозғалысының тұсауын кесіп берді.  Қазір 170 мыңнан астам балдар бар біздің қозғалыста, 6000 астам әскери- патриоттық клубтар бар.

Әскери- патриоттық жиының ашулы құрлық және әуе күштерінің артиллериядан, танкіден тікұшақтан өнер көрсетуіне жалғасты.

Дулат Абибуллаев, тілші:

«Айбын» әскери-патриоттық жиыны  апта соңына дейін жалғасады. Ұлы дала ұландары алдағы бірнеше күн бойы әскери қолбасшылармен кездесіп, винтовкадан оқ ату, граната лақтыру, қару-жарақ жинау және алыс жақын қашықтыққа жүгіріп жарысады.  Бес жыл бойы Спасск әскери қалашығында ұйымдастырылып  келген жиын алдағы уақытта  өзге  өңірлерде өтетін болады.

 Дулат АБИБУЛЛАЕВ

Хабарламаларға жазылу