3 адамды өлімнен құтқарған полиция қызметкері - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

3 адамды өлімнен құтқарған полиция қызметкері

18.06.2019

Бейбіт күннің батыры. Полиция инспекторы Ербол Айғожинді Кереку жұрты қазір осылай деп құрмет тұтады. Өз өмірін бәйгеге тігіп, үш адамды құтқарып қалған азаматпен  тілшіміз Болат Аманбаев кездесіп қайтты. 

Ербол осы көпірдің бойында үш адамды өлімнен құтқарды. Соңғысы үш баласы бар әйел.  Отбасындағы кикілжіңнен кейін,  қара Ертістің қойнауына кетпек болған.

Ербол Айғожин, полиция қызметкері:

Қыз бала мына темірде отырған. Аяғы астында болды. Патрулькадан жүгіріп шығып, арт жағынан келіп ұстап, жерге құлаттым. Неше түрлі сөз айтып, өлем деді. 

Дәл осы көріністі куәгерлердің бірі әлеуметтік желіге салған. Сол арқылы Полиция департаменті хабардар болды. Осыдан кейін әріптестері батыл жігіттің бұған дейін де осы көпірден секірмек болған екі адамды өлімнен алып қалғанын  басшылыққа мәлімдейді. Ең қызығы, Ербол қызмет барысындағы оқиғаны  зайыбы әрі әріптесі  Лаура Байбекке де айтпаған.

Лаура Байбек, Ерболдың зайыбы:

Ерболдың адам құтқарып қалғанын әлеуметтік желіден білдім. Оның алдында осындай жағдай 2 рет болғанын  Ербол маған айтқан жоқ. Батыл іс жасалды деп ойламаймын. Өйткені, ол әрбір полицей қызметкерінің міндеті.

 

Сержант құрамындағы Ербол Айғожинға жақында лейтенант шені берілді.  Менің тілеуім отбасымның, елімнің амандығы. Тәуекелге толы қызметті таңдадым, сондықтан міндетім үшін марапат күтпеймін, дейді қайсар жігіт.

Ербол Айғожин, полиция қызметкері:

Үш адамды қорғап қалдым. Бәрі де өмірге ренішті екен. Кейін қателіктерін түсініп менен кешірім сұрады. Сол кезде қуанасың. Біреуге жақсылық жасадым деген сезім пайда болады.

 

Бір үйде екі полицей. Олардың жұмысы ғана емес, ұстанымдары да ортақ. Ол - Отанға адал қызмет ету.

 

Болат АМАНБАЕВ

Хабарламаларға жазылу