Дәрігерлердің айлығы тағы да 30 пайызға өседі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дәрігерлердің айлығы тағы да 30 пайызға өседі

18.06.2019

Келесі жылы медицина қызметкерлерінің айлығы тағы да 30 пайызға дейін өседі. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді. Бүгін осы әлеуметтік салаға жауапты министр атқарылған жұмыстар жайында халық алдында есеп берді.

 

Тірліктің тынысы тоқсан тарау, сексен сала. Сол саланың ішіндегі салмақтысы, кейде тіпті сиқырлысы – медицина. Қоғамның талқысына жиі түсетін де тап осы құрылым. Содан да болар, министрдің есебіне тұрғындар көп жиналды. Сауал да қарша борады.

 

Елде білікті маман жетіспейді. 7 мыңнан астам дәрігер тапшы. Барларының өзі жеке орталықтарға кетіп жатыр. Мемлекет тарапынан ақ халаттыларға көңіл бөлінбей жатқан жоқ. Елбасының ерекше екпін беретін салаларының бірі. Бір жылдың ішінде медицина саласындағы қызметкерлердің айлығы 70 пайызға дейін өседі. Осы айдан бастап, 30 пайызға артса, келер жылдың ақпанында тағы сондай көлемге көбейеді. Әлеуметтік қолдау да жеткілікті. Бірақ, жергілікті атқарушы билік соны жүзеге асыруда селқос.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

Біз 30-дан астам облыстық және аудандық ауруханаларды аралап шықтық. Барлық аудан әкімдері дәрігерлердің жағдайын жасап жатырмыз  деп құрғақ сөзбен құтылып, сытылып жатыр. Ал, шын мәнінде дәрігерлер ешқандай қолдау көрмедік деп отыр. Бұлай жалғаса берсе, ешкім тосып отырмайтыны белгілі. Сосын өңірлерде білікті маман жетіспейді деп айтамыз.

 

Елде 8100-ден астам медициналық ғимарат бар. Соның тең жарымынан көбі ескіріп, тозығы жеткен. Оларды қалпына келтіріп немесе жаңасын салу үшін 1 триллион теңге қажет. Түйткілдің түйінін тарқату мақсатында жеке инвестиция тартылып жатыр. Тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібінде «күйіп» тұрған проблемалардың бірі. Науқастар тарапынан арыз-шағым көп.

 

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

Тегін дәрі-дәрмек алатын науқастардың саны 5 пайызға көтерілді. Тегін берілетін дәрі-дәрмектің тізімі 13 пайызға көтердік. Оның ішінде өте жоғары технологиялық, өте қымбат онкологиялық пайдаланатын дәрілерді енгізіп жатырмыз.

 

Психотроптық препараттардың дәріханаларда оңды-солды сатылуына халық наразы. Өйткені, есірткіге тәуелділікке алып келеді. Ал дәл осы препараттың нарықта заңсыз саудасы күшейіп тұр. Министр осының жолын кесіп, бақылауды күшейтеміз деп уәде берді.

Ал жалпы соңғы жылдардағы отандық медицинада оң көрсеткіш байқалады. Өмір сүру ұзақтығы 85 жасқа ұлғайған. Ана өлімі 9, бала өлімі 6,5 пайызға азайды. Ал туберкулезден болатын өлім-жітім 29 пайызға дейін төмендеген. Саланы цифрландыру жүйесі де жүйеленіп келеді. 

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ

 

 

 

Хабарламаларға жазылу