Мамандар ҰБТ-ның артықшылықтары туралы айтты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мамандар ҰБТ-ның артықшылықтары туралы айтты

18.06.2019

Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу республика бойынша 169 мекемеде өткізіліп, маусымның 30-на дейін жалғасады. Кешенді емтиханды осы жылғы түлектердің 72 пайызы тапсырмақ. Жалпы, 2000-жылдары ҰБТ-ны енгізгенде басты мақсат не еді? Одан бергі кезеңде қандай өзгерістер енгізілді? Тестілеудің маңызы мен артықшылықтары жөнінде Фариза Мұсақызы әңгімелейді.

Нұрбақыт Тәшенов 1985 жылғы түлек. Ол мектеп бітірген жылы емтиханды білім ордасының қабырғасында бір рет, жоғарғы оқу орнына түсерде екінші рет тапсырыпты. Екі сынақ та ауызша және жазбаша түрде өткен. Екеуін де еңсерген ол, тоқсаныншы жылдары Алматыдағы Ұлттық техникалық университеттің студенті атанды.

Нұрбақыт Тәшенов, қала тұрғыны:  

Тоқсаныншы жылдары оқыдық. Ол кездерде де тапсыра алмай қалған жағдайда жемқорлықтар болды. ҰБТ-ның пайдасы қазіргі заманға сәйкес. Балаларға жақсы. 2-3 сағат уақытта тапсырып шығады. 

 

Қазақстанда тестілеу жүйесінің енгізілуі 1992 жылдан басталды. Мектеп бітірушілердің  білім деңгейін айқындау мақсатында Республикалық тестілеу орталығы құрылды. Ал  ҰБТ-ны алғаш рет  2004 жылғы түлектер тапсырған еді. ҰБТ технологиясы қиялдың қиясынан келген жоқ, дамыған елдердің білім саласындағы тәжірибесінен зерттеліп алынды. Білім және ғылым министрлігі құрастыратын тесттің сапасы жыл өткен сайын артып келеді.

Тұрақты Ынтымақов, Ұлттық тестілеу орталығы директорының кеңесшісі:

2000 жылдары қиын кезең болатын. Ауылдағы білікті балаларды оқуға тарту мақсатында ҰБТ енгізілді. Барлық елде тест жүйесі қолданылады. Оның негізгі ерекшелігі, көп адамға аз уақыт ішінде білімін тексеруге мүмкіндік береді. 

 

ҰБТ материалдары мемлекеттік құпия болғанымен, жауаптары саудаға шығып, жария болатын жағдайлар да жиі кездесетіні жасырын емес. Бірақ, қалай болғанда да, бастапқыда ҰБТ ауыл баласының қамымен ұйымдастырылды. Жоғарғы оқу орындарындағы парақорлыққа қарсы мақсатта жасалды. Сол 16 жыл ішінде 1 миллион 800 мың адам сынақтан өтті. Жыл сайын оның әділ, әрі ашық өткізілуі қадағаланып отырады. Мектеп бітірушінің білімін тексеріп, болашағына бағыт беретін ҰБТ-ның баламасы әзірге әлемде  жоқ.

 

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

 

Хабарламаларға жазылу