Инспектор Әлихан Қожанов бірнеше азамттың өмірін сақтап қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Инспектор Әлихан Қожанов бірнеше азамттың өмірін сақтап қалды

17.06.2019

Тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау, қылмыстың алдын алу — полиция қызметкерлеріне артылған жауапты міндет. Құқық қорғаушылардың арасында жұмысын мінсіз атқарып жүргендер аз емес. Ерлігімен көзге түскендер де жетерлік. Көкшетау қалалық полиция басқармасының учаскелік инспекторы Әлихан Қожанов ІІ дәрежелі« Айбын» орденімен марапатталған. Оның батыл әрекеттері жайлы осы облыстағы әріптесім Ермек Елберген жеткізеді.

Әлихан Қожанов 3 оқиғада ерекше батылдығымен көзге түскен. Көкшетаудағы мына үйдің 9-шы қабатындағы пәтерде отбасылық жанжал туындап, бір адам терезеден секіріп, өз-өзіне қол жұмсамақ болады. Сол кезде Әлихан жылдам қимылдап, ұстап қалып үлгереді. Пәтерлердің бірінде асылып қалған жас жігіттің аман қалуына да инспектор Қожановтың тез әрекет етуі себеп болды.

Кезекті оқиға осы аулада болған. Мына жерде 2 адам төбелесіп жатады. Үйіне қайтып бара жатқан Әлихан оларды байқап, араша түскен болады. Бірақ Әлихан оларға келіп жеткенде төбелеске қатысушылардың біреуі пышақпен Әлиханға қарай жүгіреді. Сол уақытта бүгінгі біздің кейіпкеріміз арнайы әдісті қолданып, оның қаруын тартып алады. Осылайша, ол бір адамның өмірін құтқарып, қылмыскерді құрықтады.

Әлихан Қожанов, учаскелік инспектор:

Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау біздің басты міндетіміз. Түрлі жағдайда адам өміріне араша түсу біздің күнделікті жұмысымыз. Кез-келген полиция қызметкері мен сияқты істері сөзсіз. Қатарымызда білікті, жұмысына адам инспекторлар өте көп.

Полиция қызметкері болу Әлиханның бала күнгі арманы. Алдына мақсат қойып, Ақтөбедегі заң институтын тәмамдайды. Бүгінде 27 жасар Әлихан капитан шеніндегі Көкшетау қалалық полиция басқармасының учаскелік инспекторы.

Ерік Балтабаев, учаскелік инспектор:

Біз Әлиханмен 5 жыл бірге жұмыс істейміз. 5 жыл ішінде Әлиханды тек жақсы жағынан білемін. Ол өте үлгілі, жақсы, тәртіпті учаскелік инспектор деп санаймын. Әлиханды жұмыстан тыс жағынан да білемін. Ол жақсы азамат деп санаймын.

Түсірілім барысында дүкен сатушысынан шақырту түсті. Сауда орнында белгісіз біреу әйелді соққының астына алған. Әлихан мен әріптестері кінәліні лезде ұстағанын көзіміз көрді.  

Ермек ЕЛБЕРГЕН

 

Хабарламаларға жазылу