Алматы облысында құны 1 трлн. 200 млрд. теңге болатын 22 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Жалпы елімізде инвестициялық климат қалыпты болғанымен жетілдіретін тұстары бар. Бұл міндетті мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде тілге тиек етті. Инвестициялық жобалар көбейсе, мыңдаған адамның тұрақты жұмысқа тұруына мүмкіндік бар.
Іле ауданындағы бұл зауыт бірер айда жұмысын бастайды. Кәсіпорын техникалық май өнімдерін шығарады. Қуаттылығы жағынан ТМД елдерінде теңдесі жоқ. Жылына 700 түрлі, 100 мың тонна май құйып, экспорттауға мүмкіндігі бар. Зауыт 100 пайыз автоматтандырылған.
Андрей Матюхов, өндіріс басшысы:
Зауыт өнімі Қазақстанның ішкі нарығымен қатар, көршілес жатқан мемлекеттерге де экспортталады. Сондай-ақ Түркменстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Қырғыз Республикасы мен Моңғолия және Қытайға жіберіледі.
Ал бұл Қорғас еркін экономикалық аймағында салынып жатқан құрама жем зауыты. Кәсіпорын тамыз айында іске қосылады. Бір мезетте 15 мың тоннна дәнді-дақыл сақтай алатын қоймасы бар. Зауыт Панфилов ауданынан 90-ға жуық тұрғынды тұрақты жұмыс орнымен қамтитын болады.
Балжан Аманжолова, өндіріс орнының директоры:
Ауданда қосалқы кәсіпорындар ашылуы мүмкін. Жаңа шаруа қожалықтары құрылады. Олар бізге қажет дақылдарды өсіретін болады. Біздің кәсіпорын да бірнеше бағытта табыс таба алады. Мәселен бидай, жүгеріні кептіріп, оны экспорттауға мүмкіндік болады.
Кербұлақ ауданында заманауи цемент зауыты салынып жатыр. Сингапурлық инвесторлардың бірлескен жобасы күзде аяқталуы тиіс. Құны 50 млрд теңге. Өндіріс орны жылына 1 млн 200 мың тонна цемент шығарып, құрылыс саласы қарқын алған өңірдегі тауар бағасын тұрақтандыруға ықпал етпек.
Диас Жармағамбетов, зауыттың басқарушысы:
Зауыт іске қосылғанда 300 жергілікті тұрғын жұмысқа алынады. Олар шет елде оқу курсынан өткізіледі.
Алматы облысында құны 164 млрд теңге болатын 9 трансұлттық компанияның құрылысы жүріп жатыр. Соның үшеуі биыл ашылады. Заманауи техникамен жабдықталған өндіріс орындарының іске қосылуымен 2500 адам тұрақты жұмысқа орналасады.
Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ