Осы мерейтойға орай, ұйымның игілігі үшін Мемлекет басшысының атынан екі қызметтік көлік сыйға тартылды. Бүгінде қабырғалы қаламгерлер ел руханиятының дамуына зор үлес қосып отыр. Ал, атаулы датаға байланысты түрлі әдеби кештер мен тағылымды шаралар ұдайы ұйымдастырылып келеді. Тілші материалы.
Мерейтойға орай өткен шараға Президент әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева келіп қатысты. Ол Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулетке Президенттің атынан қос көліктің кілтін табыс етіп, ізгі тілегін де жеткізді.
Аида Балабаева, ҚР Президенті әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі:
Бағдарламаларды халыққа жеткізуде қаламгерлердің рөлі өте зор. Сондықтан осындай үлкен тарихи кезеңде еліміздің тұрақтылығын нығайтуға, руханиятымыздың кемелденуіне өздеріңіздің рөлдеріңіз өте зор. Шығармаларыңызда осы құндылықтарды насихаттай берулеріңіз тиіс деп ойлаймын.
Биыл одақтың бастамасымен әлемнің 6 тіліне аударылған осы заманға сай үздік туындылардың антологиясы жарық көрді. 160 отандық автордың таңдамалы шығармалары енген бұл туынды әлемнің 90-нан аса еліне таратылды. Қазір одақтың жұмысы одан әрі қарай жанданды.
Ұлықбек Есдеулет, Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасы төрағасы, ақын:
Біз былтырғы жылы көптеген халықаралық, биыл да қаншама шаруаларды атқарып жүргенбіз. Бізге бұрынғылардан қалған бірде бір көлік болған жоқ. Ал, соны біліп қазір Мемлекет басшысы Жазушылар Одағының 85 жылдығына арнап екі көлікті екі тұлпарды сыйға тартып отыр.
Ал, келесі айда ақын-жазушылар Еуразия астаналары жазушыларының форумын Нұр-Сұлтан қаласында өткізбекші. Сонымен қатар, күзде Азияның 46 мемлекетінен келетін 100-ден астам қаламгер Қазақстанда бас қосады. Сондықтан, «Игі шараларды абыроймен атқару — міндетіміз», - дейді одақ басшылығы.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ