Түркістан облысындағы Төле би ауданы жеміс бағына айналады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысындағы Төле би ауданы жеміс бағына айналады

13.06.2019

Кезінде дәмі тіл үйретін жеміс-жидегімен аты шыққан Түркістан облысындағы Төле би ауданының сол мәртебені қайта иеленетін күні алыс емес.

 

Аймақта биыл игерусіз жатқан 138 гектар жерге интенсивті тәсілмен алма бағы егілді. Жыл соңына дейін оның аумағы тағы екі есеге ұлғаймақ. Шаруалардың соңғы жылдары бұл іске білек сыбана кіріскен себебі бау баптаған бағбанның табысы еселі болып тұр.

 

Баққа алманың голден делишес, айдаред, гала және гренни смит секілді 4 түрі егілді. Былтыр күзде отырғызылған алма көшеті жергілікті ауа-райына тез бейімделіп, жылдам тамыр жайды. Жеміс бағы тұтастай тамшылатып суарылады.

 

Ералы Жұманов, агроном:

 

Жазда тамыздың аяғында алманың гала деген сорты піседі. Әрі қарай қазанға дейін шетінен пісе береді. Үш жылдан соң, гектарынан 70-80 тоннаға дейін алуға болады.

 

Жалпы Төле би ауданында биыл жеміс бақтарының аумағын мейлінше ұлғайту ісі қолға алынды. Бос жатқан жерлер игеріліп, ескі бақтардың орнына жаңадан жеміс көшеті отырғызылуда.

 

Нәтижесінде, жеміс бақтарының көлемі қазір 2 мың 400 гектарға жетті. Оның 15%-ы интенсивті тәсілмеген егілген. Енді жиналған өнімді сақтау және оны қайта өңдеу ісін жандандыруға күш салып жатыр.

 

Бауыржан Омарбеков, Төле би ауданының әкімі:

 

Өндірістік кооператив құрғақ қойма, салқындату қоймаларын және алманы қайта өңдейтін цехты іске асырады. Бұл біздің ауданда шығып жатқан өнімнің барлығын қамтуға жетерлік қуатты.

 

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өнімділікті бірнеше есе арттыру мақсатында өңірде осындай инвестициялық жобаларды іске асыруға басымдық берілді. Алдағы екі жылдың ішінде ауыл шаруашылығына озық технологиялы 500-ге тарта егістік алқап қосылмақ. Оларға 89 миллиард теңге инвестиция жұмсалады.

 

Нұрбек Бадырақов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

 

Жалпы 4 мыңға жуық жұмыс орны ашылады. Бүгінгі таңда 130 жоба іске қосылып отыр. Осындай қарқынды жұмыстардың нәтижесінде ауылшаруашылығындағы еңбек өнімділігі 2021 жылға дейін 2,5 есеге өседі.

 

Бұл тірлік шаруалар үшін әлдеқайда пайдалы болып тұр. Аласа бойлы ағаштардан жергілікті алмаларға қарағанда 2-3 еседей артық өнім жинауға болады. Оның табысы өз алдында, мұнан бөлек кооперативтерден жиналған салық әрі ауданның қазынасын толықтыра түседі.

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

 

 

 

Хабарламаларға жазылу