Бұл туралы су ресурстарын тиімді басқару мәселесіне арналған халықаралық семинар барысында айтылды. Жиынға келген сарапшылардың сөзінше, Шығыс Қазақстандағы тау-кен кәсіпорны маңындағы Красноярка өзені «шектен тыс ластанған» жалғыз өзен ретінде тіркеліпті. Қатты ластанғандар тізімінде Бурабай және Балқаш көлдері, Ойыл, Тобыл, Қобда, Нұра өзендері бар.
Су көздерінің бүлінуіне өндіріс ошақтары мен қоқыс полигондарынан тарайтын зиянды қалдықтар себеп. Осы жағдайды түзету үшін су сапасына жауапты 30-дан астам маман 3 күн бойы Еуропалық Одақ тәжірибесін үйреніп, арнайы оқу курсынан өтті.
Анатолий Крутов, халықаралық сарапшы:
Ескірген инфрақұрылым мен тозығы жеткен технологиялардың салдарынан суды үнемдеуге де мүмкіндік болмай отыр. Жағдайды реттеу үшін тұрмыстық-шаруашылық мақсатында пайдаланылатын судың тарифтерін көтеру дұрыс деп есептейміз. Еуроодақ ғалымдарының зерттеуінше, тұтынушы жеке табысының 4 пайызын суды пайдаланғаны үшін төлеуге қауқарлы.
Фариза МҰСАҚЫЗЫ