Қарағандылық фермер БҰҰ-ның грантын жеңіп алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағандылық фермер БҰҰ-ның грантын жеңіп алды

12.06.2019

Ол осыдан үш жыл бұрын көктемгі тасқын кезінде бұзылып қалған су қоймасын қалыпқа келтірмек. Жоба жүзеге асқанда, осы маңда су тапшылығын көріп отырған шаруашылықтардың шырайы кіреді. Жалпы облыс төңірегінде иесіз, еш күтімсіз қалған су қоймалары әлі де бар. Олардың мәселесі қалай шешілмек? Руслан Нұрланұлы баяндасын.

Фермер халықаралық ұйымның даму бағдарламасы арқылы 30 мың доллар қайтарымсыз қаражат алған. Бұл 200 мың текше метрге дейін су жиналатын қойманы қалыпқа келтіру үшін үлкен көмек. Сақалбайдың тоғаны соғыс жылдарынан кейін салынған. Осыдан 3 жыл бұрын қашыртқысы сыр беріп, қыруар су далаға ағып кеткен. Салдарынан жаз ортасында су қоры азайып, маңайдағы шаруашылықтар қуаңшылық зардабын тартатын.

Тілеуғабыл Есенбеков, Шет ауданы фермерлер қауымдастығының төрағасы:

Мынау іске асатын болса, көрші маңдарға, шаруашылықтарға үлкен демеу ғой. Екіншіден, көрдіңіз бе лиманның орны тұр. Соған су жіберіп лиман жасау керек. Сол лиманға су аққан соң шөп жақсы өседі.

Шалғайдағы шаруашылықтың бұл бастамасына табиғатты қорғау мамандары да дән риза. Жалпы өңірде ірілі-ұсақты 362 су қоймасы бар. Соның 36-сы республикалық, қалғаны облыстық, аудандық коммуналдық меншікте. Жекенің иелігіне тек 17 -сі өткен. Соңғы 5 жылда өңірдегі 50-ге жуық су қоймасына бюджеттен қаражат бөлініп қалыпқа келтірілген. Күтім болмаса, су қоймалары көктемде маңайындағы елді-мекендерге қауіпті. Көбіне иесіз қалғандары азып-тозып кетеді екен.

Әсет Тазабеков, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:

Енді иесіз су қоймасы деп айтсақ, бізде ондай жағдай болды. 2010 жылдан бастап біз облыстық коммуналдық меншіктен алып, аудандық коммуналдық меншікке бердік. Кейбірінің иелері табылды. Бізде қазір енді үш су қоймасы бар иесіз. Ол Ақтоғай ауданында. Қазір жұмыс жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін үш су қоймасын сол ауданның коммуналдық меншігіне береміз.

Шет ауданы фермерлер қауымдастығының төрағасы Тілеуғабыл Есенбековтың БҰҰ қарасты даму қоры арқылы түрлі жобаларды жүзеге асырып жүргеніне 15 жылға жуықтапты. Өткен жылы осы төңіректегі 10 шақты бұлақтың көзін ашып, маңайын қалыпқа келтірген. Осылайша табиғатты қуаңшылықтан сақтап, мал шаруашылығына қолдау көрсетуге ерекше үлес қосты.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

 

Хабарламаларға жазылу