Екі инкассаторды өлтіріп, Қазпоштаның қаржысын қолды еткен күдікті ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Екі инкассаторды өлтіріп, Қазпоштаның қаржысын қолды еткен күдікті ұсталды

10.06.2019

Ақша үшін өз әріптестерін жайратып салған қаскөй сол Арыс қаласындағы пошта бөлімшесінде істеген жергілікті тұрғын болып шықты. Қанды оқиғаға қатысты бірнеше бап бойынша қылмыстық іс қозғалды.  Түркістан облысындағы меншікті тілшіміз мән-жайды анықтады. 

Гүлжазира Ғалиқызы, тілші:

7 маусым күні Арыс қаласындағы дәл осындай пошта бөлімшесінен жақын маңдағы Монтастай, Қожатоғай ауылдарына ақша жеткізу үшін шығып кеткен екі инкассатор сол күйі қайта оралмаған. Көлікте жәрдемақы мен зейнетақыға арналған 7 жарым миллион теңге болған.

Екі инкассатордың хабар-ошарсыз кеткені туралы арыз Арыс аудандық полиция бөлімшесіне сол күні кешке кеп түскен. Түні бойы із кескен тәртіп сақшылары аудан орталығынан 3 шақырым жерден поштаға тиесілі көліктің бос жатқанын көреді. Ал келесі күні таңғы алтыда 35 шақырым жерден екі инкассатордың өлі денесі табылды. Криминалды полиция қылмыстың ізін суытпай ашты. Ақша үшін екі әріптесін аңшы мылтығымен атып өлтірген қанпезер  қаннен-қаперсіз өз үйінде жатқан жерінде қолға түсті.

Қайрат Дәлібеков, облыстық полиция департаментінің басшысы:

Ол өзі күнәсін мойындады. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Айғақ зат ретінде қару, ақша да анықталып алынды. 

Қос азаматты қан бөктіріп, қарпып алған қаржыны қаскөй қорадағы көлік дөңгелегіне жасырған. Бүгін оған тағы бір бап бойынша айып тағылды. 

Салтанат Қарагөзова, облыстық полиция департаменті баспасөз хатшысы:

Қаскөйдің қолынан қаза тапқан қазпошта қызметкерлерінің  бірінің - 4 баласы бар, 55 жастағы азамат. Ал екіншісі жақында ғана шаңырақ көтерген 25-тегі жігіт. 

Хабарламаларға жазылу