Шығыс Қазақстан облысының Тарханка ауылындағы үйлерді су шайып кетуі мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстан облысының Тарханка ауылындағы үйлерді су шайып кетуі мүмкін

10.06.2019

Глубокое ауданына қарайтын үлкен елді мекен Үлбі өзенінің жағасында орналасқан. Соңғы 2-3 жылда бірнеше рет өзен арнасы  бұрылып,  тұрғын үйлердің іргесіне тақаған. Аудандық әкімдік жағалаудағы жұрттың жағдайын біледі. Бірақ жағаны шегендеу жұмыстарына дәл қазір қаржы таппай отыр. 

Берік Көшербай, тілші:

Бұл Тарханка ауылындағы Үлбі өзеніне ең жақын орналасқан тұрғын үйлер. Мәселен, қазір бау-бақшаның есігі мен судың арасы небәрі 18 метр ғана. Тұрғындардың айтуынша, соңғы 1-2 жылда су бері қарай 30 метрге жақындаған.

Көктемгі су тасқыны басталса немесе нөсер жауын болса, жағаға жақын тұратын жұрттың мазасы кетеді. Елена Ляпунова Үлбі өзенінен үрейленгені соншалық, түн ұйқысын төрт бөліп жүр. 

Елена Ляпунова, Тарханка ауылының тұрғыны:

Түнде бірнеше рет тұрып, қараймыз. Бүгін, мысалы, таңғы 5-ке таман да оянып, тексердік. Өйткені соңғы 2 жылда өзен арнасы өзгеріп кетті. Жағаны су қатты шайып жатыр. Өткенде жаңбыр жауып, өзен суы картоп өсіп тұрған бақшаға дейін жетті.

Тарханка ауылында қазір 600-дей үй бар. Бүгінде олардың біразын  суы шайып кетуі мүмкін деген қауіп жоғары. Себебі, бір кездері бұл үйлер елді мекеннің орталығында еді - деп еске алады мұндағылар.  

Надежда Круглова, Тарханка ауылының тұрғыны:

Менің атам тірі болғанда, бұл жақта 4 көше болған. Қазір ол жердің бәрі су астында қалды.

Жаңбыр жауса, ауыл әкімі де жағалауға жиі келеді екен. Өйткені, биыл өзен суы өте мол. Қазіргідей қауіпті жағдай осыдан 15 жыл бұрын тіркелген.  Өзенді ескі арнасына бұрып, жағаны бекіту үшін жобалық сметалық құжаттар жасалған. Ол үшін, екі жыл бұрынғы есеп бойынша, 90 миллион теңгеге жуық қаржы керек.

Валерий Белянин, Тарханка ауылдық округінің әкімі:

Жергілікті және аудандық бюджетте ондай ақша жоқ. Сондықтан біздің проблеманы көктемгі су тасқынына қарсы шаралардың облыстық картасына енгізген. Бірақ жұмыстарды 2020 жылы бастау көзделген.

Қажетті ақшаны биыл бөліп, жағадағы жұмыстарды осы жазда бастап кеткен жөн дейді ауыл әкімі. Бірақ жоғары жаққа бұйрық беруге пәрмені жоқ. Қолдан келетіні, қауіпті жерлерге қызыл лента іліп қою. "Табиғат шәлкес мінез танытса, асау өзен арнасынан асып, тағы біраз жерді басып қала ма" деп қауіптенеді.

Берік КӨШЕРБАЙ

Хабарламаларға жазылу