Алматылық зиялы қауым өкілдері дауыс берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматылық зиялы қауым өкілдері дауыс берді

09.06.2019

Президент сайлауы бұл ел ертеңін айқындауда әр қазақстандық өз үлесін қосатын қадам. Сондықтан, ел азаматтары сайлаудан тыс қалмауы тиіс. Алматылық зиялы қауым өкілдері осылай дейді. Бүгін елге танымал тұлғалар азаматтық міндеттерін орындап, өз кандидаттарына дауыс берді.

Жазушы Нұрлан Оразалин таңғы 9 жарымда 301-ші сайлау учаскесіне келіп, дауыс берді. Қабырғалы қаламгердің айтуынша, биылғы сайлаудың маңызы зор. Өйткені, осы бір күндік таңдау келешекке жасалған бағыт болмақ.

Нұрлан Оразалин, ақын, драматург-жазушы:

Біз үлкен тарихи кезеңде тұрмыз. Таңдау кезеңінде тұрмыз. Осыған дейінгі сайлаудың бәрінде мемлекетті құрған, іргемізді бекіткен, көшімізді бастаған елдің әбден көңілі санасы қалыптасқан бір тұлғаға беріп келдік. Ал, енді ел басқарудағы жаңағы тұлғаның ауысуы жаңа буын басшы келуі бұл енді елді көп ойға қалдыратыны анық. Сондықтан, қазіргі таңда бізге керегі — елдің іргесінің мықтылығы, елдің тыныштығы.

Сонымен қатар, қалада учаскеге келіп дауыс бере алмайтын азаматтарға жылжымалы пунктер қызмет көрсетті. Қазақстанның халық әртісі, әнші, композитор Ескендір Хасанғалиевтің отбасы осы арқылы өз таңдауын жасады.

Ескендір Хасанғалиев, Қазақстанның Халық әртісі:

Бұл сайлау бәрімізге ортақ. Бұған үлкені бар, жасы жеткен адамдар бар, сайлауға дауыс беретін жастар бар. Бәріміз өзіміздің қалаған кандидатымызға дауыс берейік. Шын жүрегімізбенен. Үмітіміз зор. Ел бұданда ары қарай дамып, баии береді деген ойдамыз. Ол әрине мына жаңадан сайланатын Президентімізге де байланысты.

Зиялы қауым елдің болашағы баянды, ертеңі болуы үшін өз дауыстарын берді. Сондай-ақ, ел тағдырын халық болып шешетін тарихи күнде өзге азаматтарды да дауыс беруге шақырды.

Аманкелді СЕЙТХАН

 

Хабарламаларға жазылу