Жұмысшылар жалақысы төмен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жұмысшылар жалақысы төмен

07.06.2019

Оралда жарық беруші кәсіпорын жұмысшылары жалақы көтеруді талап етті. Бас-аяғы 50-ге жуық адам басшылыққа ұжымдық хат жазған. Олар «50 мың теңге жалақыға өмір сүру қиын екенін және кәсіпорында қалыпты жұмыс істеуге жағдай жасалмағанын» айтады. Өткен айда жағдайға төзе алмаған 45 адам жұмыстан шығып кеткен. Мән-жайды өңірдегі тілшіміз Ардақ Мұратқызы саралап көрді.

Бізге шағым айтып, алдын ала хабарласқан наразы топты әкімшілік ауладан шығармады. «Жұмысқа бармасаңдар, шара қолданамыз» депті. Тек екі-үш адам есік алдына шығып, мән-жайды түсіндірді.

 

Орынтай Құрмашев, жұмысшы:

 

Мәшина жүргізушімін, 12 жыл болды істегеніме. 53 мың қайда жетеді? Жаңа айтып жатты еден жуушылар «45 мың аламыз» деп. Мәшине, техниканың бәрі ескі мында. Бұрынғы кеңес үкіметінен қалған.

 

Владимир Ожогин, жұмысшы:

 

Түнде де жұмыс істеп, апатты жағдайларды жоямыз. Бұрын сол үшін төленетін. Мереке, демалыс күндері шықсақ, үстемақы, сыйақы берілетін. Қазір соның бірі де жоқ. Жаңа басшылық келіп, бәрін кесіп тастады.

 

30 жылдай еңбек өтілі бар жұмысшылар техниканың әбден тозғанына, жұмыс істеуге жағдай жоқ екеніне налиды.

Юрий Евтикеев, жұмысшы:

Біз сіздердің ішке кіріп, көліктерді түсіргеніңізді қалап едік. 40-50 жыл болған техникамен қалай жұмыс істеуге болады? Іссапарда көліктің арбасына 5-6 адам тығылысып, далада қонамыз. Жағдай жоқ ешқандай. Басшылықтың сіздерді неге кіргізбей тұрғанына таң қалам.

 

Жаңа басшылық деп отырғандары, бұрын компанияның 100 пайыз акциясы қаржы министрлігінде болды. Былтырдан бастап кәсіпорын  қауымдастығына сенімгерлік басқаруға берілді. Айлық аз болғандықтан, маман тұрақтамайды.

 

Қуат Мусин, «Батыс Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

 

Басқарма компаниямыз осындай шешім алып отыр, 1 июньнен бастап 10 пайызға көтеруге. Ең төменгі жалақы – 52 мың теңге. Өткен мамыр айында бізде 45 адам жұмыстан шығып кетті. Олардың ішінде 16 электрмонтер, жүргізушілер де бар. Жалақы төмендіктен басқа мекемелерге ауысып жатыр.

 

Кәсіпорын - өңірдегі жарық таратушы жалғыз монополист компания. Иелігінде 20 мың шақырым электр желісі бар. Алайда бағана, сымдардың 75 пайызы тозған. Содан да жаңа жылды көп ауыл жарықсыз қарсы алады. Басшылық жалақы тарифке тәуелді дейді. Ол өссе, айлық та артады. Алайда монополияны реттеу департаменті бұл ақпараты жоққа шығарды. Қазір облыста электрді тасымалдау құны - 5 теңге 01 тиын. Бұл 2016 жылы 5 жылға бекітілген баға. Әзірге өзгермеуі тиіс. Ал жұмысшыларға 10 пайыз ғана өсімді, яғни айлығы 52 мың болса, 5-ақ мың теңге қосымша ақыны қанағат тұтуға тура келеді.

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу