Елімізде алғаш рет көксерке балығы қолдан ұрықтандырылып, көбейтіліп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде алғаш рет көксерке балығы қолдан ұрықтандырылып, көбейтіліп жатыр

07.06.2019

Тың технология Қызылорда облысында жүзеге асырылуда. Әлемдік нарықта көксерке балығына сұраныс жоғары. Сондықтан бұл жаңа жоба өңірдің экспорттық әлеуетін арттырады. Әрі балықтың популяциясын сақтауға әсер етеді.

Еуропалықтардың жоғары сұранысына ие көксерке балығы осы тоғанда көбейтіліп жатыр. Қолдан ұрықтандырылған уылдырықтар мынадай арнайы ұяшықтарға салынады. Инкубациялық кезең осы жерде жүреді. Оған 3-4 ай уақыт керек. Пайда болған шабақтар онан кейін су айдындарына жіберіледі.

Бұл жаңа технология балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығында жасалған. Мамандардың айтуынша, теңдесі жоқ жоба. Биыл жасанды жолмен көбейтілген 60 мың шабақ теңізге жіберіледі.

Тынысбек Барақбаев, балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы Арал филиалының директоры:

Қолдан ұрықтандырған жағдайда табиғи жағдайдан 3-4 есеге көп өнім аламыз. Яғни, табиғи жағдайда көксерке балығы ұрықтанғанда бір 10%-ға дейін өсетін болса, ал біздің жағдайда 50%-ға дейін жеткіземіз.

Былтыр өңірде 3 мың 575 тонна балық терең өңделсе, соның 1950 тоннасы Батыс Еуропа елдеріне экспортталды. Сұраныс артқан сайын балықтың қорын көбейтуге ден қойылуда. Қазір теңізден жылына мың тоннадай көксерке ауланса, алдағы уақытта кәсіптік лимитті арттыру көзделіп отыр.

Нұрғабыл Құланов, Қамыстыбас балық питомнигінің директоры:

Біздің тарапымыздан мынау бүкіл құрылғылар, тоғандар беріледі. Ол тоғандарда екі жаздық өзіміз өсіріп жатқан балықтармен бірге көксерке балығының бір жаздық ұрықтарын өсіруге жоспарлап отырмыз. Мысалы, жылына біздің мекеменің өзінің өсіріп отқан 14 миллион 800 мың біржаздық, 420 мың екі жаздық балықтарымыз бар.

Келер жылы ол 240 мыңға жетеді. Балықтың қоры көбейсе жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарады.

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

 

Хабарламаларға жазылу