Елімізде ұстаздардың ұлттық біліктілік тестілеуі өтіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде ұстаздардың ұлттық біліктілік тестілеуі өтіп жатыр

06.06.2019

Мұғалімдер «партаға отырды». Елімізде ұстаздардың ұлттық біліктілік тестілеуі өтіп жатыр.

Батыс Қазақстанда биыл 3 мыңнан астам мұғалім аттестациядан өтуге өтініш берген. Төрт күннен бері педагогтар білім-білігін сарапқа салып, сынақ тапсыруда. Алайда, аттестацияның кем-кетігі көп,-дейді мұғалімдер.

Өңірдегі 6 тестілеу пунктінің бірі. Таңғы сағат 8 болмай келген мұғалімдерді турникеттен тексеріп өткізді. Бірақ тінту болған жоқ. Аудиторияға жайғасқандарға, алдымен, тест тапсыру ережесі таныстырылды.

Анар Үмбетова, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №10 мектеп мұғалімі:

Аздап қорқыныш бар. Қобалжу бар. Педагогика саласы бойынша қиналамыз. Брақ өз пәніміз бойынша дайындығым жаман емес.

Мұнда мың жарымға жуық мұғалім 3 лекпен тест тапсыруда. Қалалық, облыстық мектептерден бөлек, Бәйтерек, Тасқала, Теректі аудандарынан келген ұстаздар да бар. Қай сынақ та стресс. Қатты қобалжығандар дәрігердің көмегіне жүгінді. 3 сағаттан соң, алғашқы тапсырып шыққандардың қарасы көрінді.

Манарбек Лұқпанов, Бәйтерек ауданы Мичурин орта мектебінің мұғалімі:

Жақсы деп ойлаймын, жақсы өткен сияқтымын. Былай оқыған сұрақтар келді. Кейбір сұрақтар – қиын. Тікелей аударылған, түсініксіз болды.

Гүлдана Зәкиева, қалалық №44 мектеп-гимназияның мұғалімі:

Кітапшаны ашқаннан кейін, таныс сұрақтар көзіңе оттай басылғанда, жүрегің орнына түсіп, бәрі де жайланады. «Өзіңді жинақтауың керек» деп оқушыға үйретеміз, қазір енді мұғалім болғасын, өзіміз де жинақталамыз ғой. Былай аспаннан түскен сұрақтар емес.

Бірақ әлеуметтік желідегі пікір басқа. Мұғалімдер өз қазанында бұрқ-сарқ қайнап, аттестацияның кем-кетігін қызу талқылап жатыр.

Meirzhan Temirbek: Алтынсарин мен Ахметтің айтқаны қалды. Шульман мен Броундардың заманы жүріп тұр...

Ербол Галимов: Сұрақтары түсініксіз. Орысшадан тікелей аударған. Мынаумен білім болмайды...

Karlyga: Математикадан қате көп. Мәні толық емес. Берілгені түсініксіз болса, есеп дұрыс шықпайды...

Бақыт Көшекбаева: Тестпен мұғалімнің білімін саралау дұрыс емес. Өйткені, әділ өтпейді.

Эльвира Төлегеновна: 50-ден асқан адамдарға қиын. Жалақыны аттестациясыз көтеруге болмай ма?

Тест тапсырғандардың алды аппеляциялық комиссияға шағымдануда. Алғашқы лекте 8 өтініш түсіп, тек 3-уі қанағаттандырылған. Желіде «телефон қолданды, шпаргалкамен өтті» деген әңгіме де желдей есіп тұр.

Әлібек Есімов, Жәңгір атындағы БҚАТУ жанындағы Ұлттық Тестілеу Орталығының басшысы:

Телефонмен, шпаргалкамен ұсталғандар кездесетін жәйт. Ол жағдайлар болып тұрады. Бірақ біз кірерде металл іздегіштермен тексеріп, бәрі алынып, тәркіленеді. Адиториядан шығып, дөрекі қылық көрсеткен мұғалімдер болған жоқ біздің пункте. Бәрі де өз уақытымен отырып, тапсырып шықты.

Мұғалімдер оқу жылы енді аяқталған қарбалас уақытта тест тапсырып жүр. Емтиханы, есеп беруі, ҰБТ-сы тағы бар. Көбі өз ауылында емес, бір ауданнан екіншісіне, не қалаға сабылады. Жол, ас-ауқат шығыны өз қалтасынан.

Жаңылсын Әбдірахманова, облыстық білім басқармасы бөлімінің басшысы:

Қаратөбе Сырымға келеді, Шыңғырлау Бөрліге келеді. Шыңғырлауда тестілеу пункті әуелден жоқ. Балалар да қатынап келеді. Бөкей ордасы Жәнібекке барады. Тестілеу пункттері министрлікпен бекітіледі. Жол шығыны қаралмаған.

Сынақтан сүрінбей өткендердің айлығына 30-дан 50%-ға дейін үстемақы қосылады. Облыста былтыр аттестациядан сәтті өткен 4600 мұғалім қосымша ақы алып отыр. Ал биыл тест тапсырған 3 мың мұғалімнің нәтижесі алдағы күндері шығады.

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

 

Хабарламаларға жазылу