Ақтауда ірі көлемді контрабандалық темекі тәркіленді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтауда ірі көлемді контрабандалық темекі тәркіленді

05.06.2019

Бүгін Ақтауда ірі көлемді контрабандалық темекі тәркіленді. 40 тонналық 7 бірдей контейнерге тиелген заңсыз тауарды полиция мен экономикалық тергеу департаменнің қызметкерлері жедел іздестіру шарасы кезінде анықтады.

Құжатта шоколад кәмпит деп көрсетілген темекілер Ираннан жеткізілген. Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 286 бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бұл осы аптадағы екінші оқиға. Өткен дүйсенбі күні ғана полицейлер 13 млн дана контрабандалық темекі тиелген жүк көлігін ұстады.

Болат Сәбитов, Маңғыстау облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы:

Іске қатысы бар 5 шетел азаматын ұстадық. Төртеуі - Әзірбайжан, біреуі - Украина елінің азаматы. Олар тауарды 4 ауыр жүк көлігіне тиемек болды. Ал бұл көліктерді логистикалық орталық жалдаған. Жүргізушілер темекіні Атырау облысына жеткізбекші екен. Енді контрабандалық тауарға сараптама жүргізіледі. Сондай-ақ оның иесі анықталады. 

Ал Қарағанды облысында жыл басынан бері көлеңкелі жолмен саудаланған 29 мыңға жуық алкоголь өнімі тәркіленді. Сондай-ақ 3 мыңдай темекі және 27 тонна мұнай өнімдері алынған. Осылайша салықтан жалтарып, заңға мойынсұнбау бойынша 32 факт анықталып, кінәлілер жазаға тартылған. Ең үлкен көлеңкелі тауар қоймасы 31 мамыр күні әшкереленді. Онда жеке кәсіпкер ретінде тіркеуде жоқ тұлға 16 000 бөтелке алкоголь және 2200 қорап темекі сақтаған. Қазір күдіктіге қатысты іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Хабарламаларға жазылу