Бұл құрылыстардың алды маусым айының соңында, өзгелері жыл аяғында толықтай бітеді. Жалпы аумақ инфрақұрылымның жақсаруы туризмнің дамуына ықпал етпек. Табиғаты тамылжыған ауданға жылда 32 мыңнан астам саяхатшы келеді.
Биылғы қарқынды құрылыстың арқасында Төле би ауданының жолдары жақсарып қалатын болды. Қазір облыстық маңызға ие 4 жол жөнделіп жатыр. Сондай-ақ, 27 көшеге жаңадан асфальт төселуде.
Нұрлан Оспанов, Төле би ауданы әкімінің бөлім басшысы:
Аудан көлемінде қазір асфальтталған көшелердің көлемі 50%-ға жақындап қалды. Одан бөлек, тас төсеу жұмыстары жүруде. Биыл жергілікті бюжеттен бұл жұмысқа 27 миллион теңге бөлінді. Жалпы 80% жол қазір қанағаттанарлық жағдайда.
Ақмешіт шатқалына апаратын жол бойындағы көпірдің құрылысы енді бір аптада аяқталмақ. Табаны таудан арқырай аққан өзен суына шыдас бермеген өткелді қайта салуға 48 миллион теңге жұмсалды. Берік тіреулер қойылды. Төңірегі бетондалды. Жаңа көпір енді тауды қызықтаймын деген саяхатшылардың жолын жеңілдетпек.
Болат Мәжінбеков, құрылыс компаниясының прорабы:
Көпірдің ұзындығы — 30 метр, ені — 10 метр. Үш машине қатар сияды. Салмақ 60 тоннаға есептелген. Жердің астына терең қадалар қағылды. Жер астындағы үш метр жер бетондалып шықты.
Аудан орталығы Ленгер қаласын абаттандыруға да айырықша көңіл бөлініп отыр. Орталық көшелердің бойы көгалдандырылды. Жарық орнатылды. Тұрғындар тыныстап, демалатын скеврлер соғылуда.
Бауыржан Омарбеков, Төле би ауданының әкімі:
Ленгер қаласының орталығын қақ жарып өтетін Ленгер өзенінің аймағын абаттандыру, жаяу жүргіншілерге ыңғайластырып жасау және үлкен орталық саябақ жасау мақсатында жер учаскесін дайындап, жобалық құжаттамасын әзірлеп сараптамасын алдық.
Мұндай кешенді жұмыстар ауданның басты байлығы саналатын туризмнің өрістеуіне негіз болмақ. Қазір таулы аймақта 70-ке жуық демалыс орны жұмыс істейді. Биыл жаңадан тағы екеуі іске қосылады. Саяхатшыларға арналған туристік ақпараттық орталық ашылады.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ