Отыз күн ораза тұтып, Аллаға мінәжат еткен жұрт еліміздегі мешіттерге ағылды. Рамазан айы Алла Тағаланың тарапынан Мұхаммед пайғамбарымызға (c.ғ.с) Құран Кәрім түсіре бастаған айы болғандықтан қасиетті. Бұл күндері жер жүзіндегі 2 миллиардқа жуық мұсылман бірін-бірі Ораза айт мейрамымен құттықтап, сыйлық береді.
Айттың алғашқы күні еліміздің бас мешіті - «Әзірет Сұлтанға» ағылған жұрттың қарасы көп. Қазір халық тек мерекеде ғана емес былайғы күндері де мешітке көп жиылады.
Айтта халық бір-біріне ақжарма тілектерін айтып, бұрынғы өкпе реніштерін ұмытып, туған-туыс пен көрші-қолаңның үйіне айттап барады.
Наурызбай қажы Тағанұлы, бірінші наиб мүфти, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы:
Ораза айтта құрбан шалынбайды. Сондықтан Ораза айт намазын оқығаннан кейін, бірі-бірінің үйіне барып, айтшылайды. Бұл күндері сауапты істермен көбірек айналысқан жақсы. Садақа беру, көмек қолын созу — қайырымдылылық істері болып саналады.
Ғабит БӨКЕНБАЙ