Алматы облысының Райымбек ауданында көпбалалы 18 отбасы баспаналы болды. Бұл қайырымдылық шарасы Елбасының «Бақытты отбасы» жобасы аясында іске асты.
Жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен берілген үйлердің бау-бақшасы үлкен. Мал ұстауға да мүмкіндік бар. Барлық жағдай жасалған. Өңірде бұдан басқа да әлеуметтің әлеуетін жақсартуға бағытталған істер аз емес.
Райымбек ауданында тұрмысы төмен 52 отбасы қазір баспана кезегінде тұр. Солардың ішінде көмекке аса мұқтаж деген 18 отбасы арнайы комиссия мүшелерінің шешімімен үй алды.
Құдайберген Аяшов, кәсіпкер:
Бала шағасы өсіп-өніп, осы үйден үлкен бір биіктерге самғасын деген ниетпен алып беріп жатырмыз. Еліміз, жұртымыз, ауыл, ел-жұрт боп қол ұштарын беріп, көмектесіп жатыр.
Баспаналы болғандардың бірі, Сарыжаз ауылының тұрғыны — Шолпан Құрманжанқызы. Көпбалалы ана екі ұл, бес қыз тәрбиелеп отыр. Тұңғышы ер жетіп қалған. Ал, кенжесі — 3 жасар. «Алтын алқа» иегері ізгі іске себепші болған қайырымды жандарға алғысын айтты.
Шолпан Жазықбаева, көпбалалы ана:
Сіздердің қолдауларыңызбен осындай үлкен үйге қолымыз жетті. Бала-шағам да кең ойнап, жетісіп қалды. Жеке-жеке бөлмелері бар. Жуынатын жері де бар.
Жалпы бүгінде аудан бойынша, үй алуға кезекте тұрғандар жетерлік. Сондықтан, жергілікті әкімдік көпбалалы отбасылар мен тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсетіп, баспанамен қамтуға күш салмақшы. Ал кәсіпкерлер осындай игі бастаманы қолдауға әрқашан дайынбыз дейді.
Аудан орталығы Нарынқолдан атақты Хан Тәңірінің етегінде орналасқан «Мәрмәр қабырғаға» апаратын жол салынып жатыр. Оның ұзындығы — 28 шақырым, ал ені — 7 метр. Жол бойында сауықтыру кешендері мен түрлі демалыс орындары бой көтереді.
Владимир Грачев, Мердігер компанияның өкілі:
Құрылыс жұмыстары екі жылға жоспарланған. Бірақ, уақытынан ерте аяқтаймыз деген ойдамыз. Ертең бұл жолдармен туристер қатынайды. Туризмді дамытуымыз керек. Сондықтан, жолдың сапасына жауап береміз.
Былтыр осы аймаққа 2500-ге жуық турист келген. Солардың 127-сі — шетелдік азамат. Мамандардың айтуынша, құрылыс аяқталғаннан кейін Хан Тәңірі тауына шығамын дейтін альпинистер мен тұмса табиғатты тамашалауға келетін саяхатшылардың саны еселенеді.
Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ