2023 жылдың аяғына қарай Қазақстанда ауызсу мәселесі толықтай шешіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2023 жылдың аяғына қарай Қазақстанда ауызсу мәселесі толықтай шешіледі

04.06.2019

Үкімет отырысында Премьер-Министр осылай деп мәлімдеді. Қазіргі таңда ел тұрғындарының 90%-ы немесе 16,5 миллион халық орталықтандырылған су жүйесімен қамтылған. Алайда 1 миллион 200 мың халық тұратын 2600-ден астам ауыл таза тіршілік нәріне қол жеткізе алмай отыр.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі саны 200-ден аспайтын елді мекендерге суды тазартатын кешенді блок-модульдер орнатуды жоспарлап отыр. Бұл қаржыны көп жұмсамай, санитарлық талапқа сай сумен қамтуға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда Жамбыл, Павлодар және Қостанай облыстарында ауызсумен қамту деңгейі төмен. Асқар Мамин өңір басшыларына жұмысты ширату қажеттігін айтты. Сондай-ақ ол тиісті министрліктерге бір айдың ішінде ауылдарды ауызсумен 100% қамтуға арналған жол картасын әзірлеуді тапсырды.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

Елбасының халықтың тұрмыс сапасын жақсарту тапсырмасын орындау аясында елді мекендерді сумен жабдықтау және оларға су жеткізу бойынша, нақты шараларды іске асыру, осы бағыттағы жұмыстарды күшейту керек. 2023 жылдың аяғына қарай халықты ауызсумен қамтамасыз ету мәселесін 100% шешуге мүмкіндік жасалады.

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу