Балалар демалысына мемлекеттік қолдау керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Балалар демалысына мемлекеттік қолдау керек

03.06.2019

Үш ай бойы баланы үйде ұстап отыра алмайтынымыз анық, әрине. Өзен-көлдерді өздігімен жағалап суға түскен балаға ата-анасы қарасын десек, жазғы лагерьлерге барған балаға сол мекеме қызметкерлері, тәрбиешілер жауапты болуы керек.... Енді  сол лагерьлердің жолдама  бағасы  қандай? Ата ананың қалтасы көтере ме? Демалысқа барған баланың көңілінен шығатындай ма? 

Ақмола облысында оқушыларға арналған демалыс орындарына 10-12 күнге бару үшін кем дегенде 40 мың теңге төлеу керек. Ал жеке меншік лагерлердің бағасы 100 мыңға жетіп қалады. «Мәселені шешу үшін балалар демалысына мемлекеттік қолдау керек», - дейді мамандар. 

Гүлнәр Қонысбаева қомақты қаржы төлеп, өткен жылы екі қызын лагерьге жіберген. Алайда, балалар үйге қайтуға асығыпты. Себебі қызмет көрсету деңгейі төмен. Демалыс орындарындағы сапа мен баға мүлдем сай келмейді, - дейді Гүлнәр.

Гүлнәр Қонысбаева, Көкшетау қаласының тұрғыны:

Бағасы өте қымбат. 80 мың - 90 мың ба? 85 мың ба? 10 күнге? Мынадай ақшаға Түркияға барып келуге болады. Л Бәлен мың ақша бересің, сосын туалет сасиды, олар жиіркеніп бармайды.  

Жазда Ақмола облысында қала сыртындағы 20 лагерь жұмыс істейді. Көпшілігі жеке меншік. Бір жолдаманың құны 40 мыңнан басталады. Бұл білім басқармасына қарайтын лагерьдің бағамы. Оның өзі тегін демалушыларға толы. Сондықтан болар облыста балаларды қала сыртындағы демалыс орындарымен қамту көрсеткіші 14%-дан аспай тұр.

Ботагөз Дүйсенова, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

Жалпы қала сыртында лагерлердің бүгінгі күні Ақмола облысы бойынша 40 мыңнан 80-85 мың теңге көлемінде, енді оның ішінде, өздеріңіз білесіздер, біліммен қамту қоры бар. Осы біліммен қамту қорынан жетім балалар, тұрмысы төмен отбасылары ақысыз осы қала сыртындағы лагерлермен қамтамасыз етіледі.

Бұл саладағы кәсіпкерлердің бағаға қатысты өз уәжі бар. Балалар демалысы көп шығынды талап етеді. 5 мезгіл тамақ, тәлімгерлер, дәрігерлер, қосымша білім беру мамандары қажет. Коммуналдық төлемдер де арзан емес. Демалыс орындарының көпшілігі Бурабай мен Зерендіде орналасқан. Ал бұл жерлер ерекше қорғалатын аймақтар қатарында. Сондықтан әр адам үшін 255 теңгелік төлем тағы бар.

Қайрат Сұлтанов, Республикалық балалар мен жасөспірімдер туризмі ассоциациясының төрағасы:

Балаларды сауықтыру орталықтарына "Балапан" бағдарламасының қағидасы бойынша көмек көрсету керек. Мемлекет балабақшаларға әр бала үшін шығынның бір бөлігін төлейді. Сондықтан қазір бизнес бұл салада белсенді. Лагерлерге де сондай мемлекеттік қолдау қажет. Бұл өте ауыр, жауапкершілігі жоғары сала. Балалар демалысына коммерциялық емес, әлуметтік кәсіпкерлік ретінде қарасақ қана, мәселені шешуге болады.  

Шығынның бір бөлігін мемлекет өтесе, лагерлердің жүктемесі де артар еді. Сәйкесінше, табыс өседі. Осылайша, кәсіпкерлер жазғы уақытта балалар демалысын ұйымдастыруға кешенді мемлекеттік қолдау керектігін алға тартуда. Олай болмаған жағдайда, бизнестің бұл саладан кетіп қалуы әбден мүмкін, - дейді олар. 

Ермек ЕЛБЕРГЕН

Хабарламаларға жазылу